Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
24.10.2023

Мәжіліс Төрағасы депутаттар мен аппарат қызметкерлерін Республика күнімен құттықтады


Астана, 24 қазан, Мәжіліс үйі. Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні қарсаңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне Президенттің атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Жиналғандарды құттықтаған Мәжіліс төрағасы былтыр 25 қазан Мемлекет басшысының ұсынысымен Республика күні ретінде қайта жаңғырып, оған ұлттық мереке мәртебесі берілгенін атап өтті.

– Республика күні – Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптаса бастауының бірінші баспалдағы. Ол – біздің Тәуелсіздігімізге жасалған тарихи қадам. Бұл – ұлтты ұйыстыратын, патриотизмге тәрбиелейтін, елімізді жаңа жетістіктерге жетелейтін мейрам, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Республика күнінің қайта жаңғыруы шын мәнінде ақжолтай оқиға болып, содан бері елімізде көптеген іргелі өзгерістер болып жатқанына тоқталды.

– Сегізінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары ретінде біз Президентімізбен бірге әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында еңбек етіп жатырмыз. Депутаттық корпус өкілдері сол реформалардың басы-қасында болып келеміз. Парламент қабырғасында тарихи заңдар мен ел тағдырын айқындайтын маңызды құжаттар қабылдаумен айналысып отырмыз, – деді Палата төрағасы.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы да, халық та депутаттық корпустың, жалпы Мәжілістің белсенді де тиімді жұмысына  жоғары баға беріп отырғанын айтты.

Салтанатты жиында Палата төрағасы депутаттар мен Мәжіліс аппаратының қызметкерлеріне Президенттің құттықтауы мен алғысын жеткізіп, Мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен «Парасат» орденімен Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи, Ерлан Барлыбаев, Еркебұлан Мәмбетов марапатталды. 

Ал «Құрмет» ордені депутаттар Нұрлан Әуесбаевқа,  Снежанна Имашеваға, Юлия Кучинскаяға, Магеррам Магеррамовқа және Ардақ Назаровқа, сондай-ақ, Мәжіліс Аппаратының бөлім меңгерушілері Зәуре Иманбергенова мен Майраш Көзжановаға табыс етілді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын Қазыбек Иса алды. «Ерен еңбегі үшін» медалі Мәжіліс депутаттары Ерлан Әбдиевке,  Олжас Құспековке,  Таңсауле Серіковке және Мәжіліс Аппаратының бөлім меңгерушілері  Мұхтар Ибраймов пен Қонысбай Түсіпжановқа табысталды.

Ерлан Қошанов Мәжіліс Аппараты мен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы қызметкерлеріне Мәжіліс төрағасының Алғыс хаттарын табыс етті

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі