Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.11.2023

Қазақстан мен Корея депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға келісті


Астана, 1 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Олжас Құспеков және Вера Ким Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Қазақстан Парламентімен парламентаралық достық тобының делегациясымен кездесті.

Делегацияны қарсы алған «Қазақстан – Корея» достық тобының жетекшісі Айдос Сарым Корея Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтты. Былтыр мемлекеттердің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқандарына 30 жыл толды. Серіктестік мемлекет басшыларының ресми сапарлары деңгейінде бекітілді.

Қазақстан мен Корея арасындағы парламентаралық ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Депутаттар оны нығайтуда екі елдің достық топтары үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

– Парламентаралық достық топтарының байланысын арттыру үшін жыл сайын төрағалардың өзара сапарын тұрақты түрде өткізуді ұсынамын. Сондай-ақ тұрақты жұмыс тобын құрып, оның отырыстарын жылына кеміне екі рет бетпе-бет немесе онлайн-форматта өткізу қажет. Жұмыс тобы аясында ақпараттық технологияларды реттеу, цифрландыру, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, жасыл экономиканы дамыту және екі елге де қатысты басқа да тақырыптар бойынша заңнамалық тәжірибе алмасуды нығайту мәселелері талқылануы мүмкін, – деді Айдос Сарым.

Өз кезегінде «Корея–Қазақстан» достық тобының жетекшісі У Вон Шик әріптестерінің ұсынысын қолдады. Ол Қазақстанға парламентаралық ынтымақтастыққа қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін арнайы келгенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясы арасындағы достық топтары деңгейіндегі өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 24-38-22, Суретті түсірген – Ж. Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі