Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.11.2023

Мәжіліс депутаттары бидай өңдеу мен өсімдік дақылдарының жаңа түрлерін өсіру мәселелерін талқылады


Астана, 7 қараша. Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитеті Алкоголь және никотині бар өнімдерді өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығымен бірлесіп «Бидайды өңдеу және өсімдік дақылдарының жаңа түрлерін өсіру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Отырыста Президенттің агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша бидай өңдеуді дамыту перспективалары сөз болды.

Атап айтқанда, сауда қызметі мен бидай өңдеуді техникалық реттеу, дайын өнімді тасымалдау мен сақтау, салық салу тетіктерін қайта қарау, нарықтағы контрафактілік өнімдердің алдын алу және тағы басқа мәселелер.

Жалпы осы жайттардың оң шешімі отандық шикізатты қайта өңдеуді ұлғайтуға, бюджет кірісін көбейтуге, импортты азайтып, акцизделетін өнімнің экспортын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ спирт өндіру кезінде мал шаруашылығына да арналған бірқатар өнім пайда болады.

Қауымдастықтың атқарушы директоры Дмитрий Жуков бүгінгі таңда Қазақстанда шикізаттық емес ірі экспорттық кәсіпорындардың аз екенін, алкогольді сусындардың, астық дистилляттары мен ректификатталған (жеуге жарамды) спирт экспортын дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде депутаттар спиртті өндіруде экспорттық нарықта және тамақ өнеркәсібінде ең аз сұранысқа ие, төмен сыныпты бидайды терең өңдеу мәселелерінің өзектілігін айтты.

«Бритиш Американ Тобакко Казахстан Трейдинг» ЖШС Үкіметпен байланыс бөлімінің бастығы Арман Жалмағамбетов 2023 жылғы Қазақстандағы заңсыз темекі үлесі 1,8 миллиард дана немесе 91 миллион қорапты құрайтынына назар аударды. Бұл мемлекеттік бюджетке салық түсімі бойынша 32 млрд теңге шығын келтіріп отыр.

Іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қоғамдық және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

– Алкоголь және құрамында никотині бар өнімдер өндірісі – экономиканың толыққанды саласы. Дегенмен, бүгінгі таңда тиісті деңгейде дамымай отыр. Ең алдымен, осы саладағы қызметті реттейтін орталық мемлекеттік органды анықтауымыз керек, – деді Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.

Дөңгелек үстелде айтылған барлық ұсыныс мемлекеттік органдарға жіберіліп, қаралатын болады.

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Т.Таныбаев.

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі