Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.11.2023

Финляндияның Әділет канцлері Мәжіліске келді


Астана, 21 қараша, Мәжіліс Үйі. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева Финляндия Республикасының Әділет канцлері Туомос Поштимен кездесті. Тараптар сот жүйесін заңнамалық деңгейде реттеуге қатысты ойларын ортаға салды.

Снежанна Имашева өз сөзінде Қазақстан Финляндияны Солтүстік Еуропа өңірінде маңызды әріптесі ретінде қарастыратынын және ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша өзара іс-әрекетті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Бейінді комитет басшысы Әділет канцлеріне елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді.

– 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстанда конституциялық референдум өтті. Оның қорытындысы бойынша қабылданған заңдар Президенттің өкілеттігін басқа билік институттарына қайта бөлуге, сайлау жүйесін жетілдіруге, құқық қорғау институттарын күшейтуге және сайлау процесін жаңғыртуға мүмкіндік берді, – деді Снежанна Имашева.

Өз кезегінде Туомос Пошти Қазақстандағы саяси және заңнамалық өзгерістердің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ Финляндияның сот жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып, сот реформасы аясында қазақстандық әріптестерімен тәжірибе бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ кездесуге Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов, Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист және тағы басқалар қатысты.

 

Мәжілістің баспасөз қызметі 74-66-20, Фото Т.Таныбаев


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі