Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.12.2023

Парламент кітапханасында мажарлық ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы көрме ұйымдастырылды


Астана, 1 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент кітапханасында мажарлық ақын Шандор Петөфидің өмірі мен шығармашылығына арналған «Әлем таныған Петөфи» көрмесі өтті. Биыл мажар ақынының туғанына 200 жыл толды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан, Юлия Кучинская, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Отто Иван Рона, сондай-ақ Мәжіліс Аппараты қызметкерлері, Сыртқы істер, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Мажарстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.

– Бұл іс-шара Қазақстан мен Мажарстан Парламенттерінің достық қарым-қатынасының жарқын көрінісі. Әлемдік поэзияның жарық жұлдызына айналған Шандор Петөфидің ғұмыры тым қысқа болса да, шығармашылық мұрасы бүкіл түркі халықтарының шамшырағы болды. Оның өмір жолы замандасы, қазақ халқының біртуар перзенті Шоқан Уәлихановтың тағдырымен ұқсас. Екеуі де бар ғұмырын елінің болашағына арнады, – деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетенің төрайымы Айгүл Құспан.

Кездесуде белгілі ақын Қадыр Мырза Әлидің қазақ тіліне аударған «Шандор Петөфи: Махаббат пен бостандық» кітабы таныстырылды. Айгүл Құспан Петөфидің поэзиясын қазақ оқырмандарына мәні мен сәнін жоғалтпай жеткізген ақын, көрнекті қаламгер Қадыр Мырза Әлидің еңбегін ерекше атап өтті. Жинақтың жаңа басылымының жарық көруі қазақ-мажар мәдени байланысындағы елеулі оқиғаның бірі болды.

 Парламент кітапханасындағы «Әлем таныған Петөфи» көрмесі 5 желтоқсанға дейін жалғасады. Оны Қазақстандағы Мажарстан елшілігі Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қолдауымен Палата Аппаратының Заңнама бөлімімен бірлесіп ұйымдастырды.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Ж.Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі