Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.12.2023

Мәжілісте отандық баспа индустриясын дамытуға арналған заңнамалық бастамалар талқыланды


Астана, 19 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен өткен кеңейтілген тақырыптық  отырысында Кітап нарығын реттеу, отандық баспа индустриясын дамытуға арналған заңнамалық бастамалар талқыланды.

Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен өткен жиынға Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Қаржы, Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері, «Қазпошта» АҚ қызметкерлері, Кітап Палатасы, баспагерлер мен кітап саласы мамандары, жазушылар қатысты.

Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы кітап саласын дамыту мен қолдауды тапсырғанын, осыған байланысты депутаттар тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуге кіріскенін айтты.

Мемлекет Басшысы «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек» деген еді.

Кітап оқу, кітап баспасы, шалғай аудан, ауылдарға кітап жеткізудің ұлттық операторын бекіту, ішкі қағаз нарығындағы қағаз бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, кітап баспасындағы қағаз бағасын тұрақтандыру өзекті. Осыған байланысты отырыста баспа индустриясының дамуын заңнамалық қолдау тетіктері, әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерге және оларды әзірлейтін баспаларға субсидия қарастыру, жеңілдетілген несиелер желісін ұйымдастырудың заңнамалық тетіктері талқыланды.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова кітап нарығын және көркем әдебиет, танымдық, интеллектуалды бағыттағы баспа индустриясын дамытуға арналған ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ Назгүл Қожабек (Steppe & World Publishing), Ұлан Еркінбай (Qasym kitaphanasy), Арман Әлменбет (Мұқаба), Бақытжан Бұқарбай (AmalBooks), Бану Даулетбаева (Алқа) және т.б. баспалардың жетекшілері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» республикалық ұлттық-ғылыми практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай,жазушылар Динара Болат, Бақытгүл Сармекова пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді.

Айтылған ұсыныстар бойынша арнайы ұсынымдар әзірленіп, Үкіметке жолданатын болады.

– Менің ойымша, салықтық жеңілдіктер – кітап индустриясын дамыту мен қолдаудың ең жақсы құралдарының бірі. Субсидия мәселесі де өзекті, сондықтан оны қарастыруымыз керек. Сауда желісі арқылы отандық авторларды қолдау үшін тиісті шаралар қажет. Кітап дүкендеріндегі сөрелердің 20-25 пайызы қазақстандық авторларға берілетіндей норма енгізу туралы ұсыныстар бар. Авторлық құқыққа қатысты да сұрақ көп. Мемлекет қаражатына аударылған немесе жазылған басылымдарды қазір пайдалана алмаймыз және олар жай ғана мемлекеттік органдардың балансында тұр. Бірақ олар көпшілікке және қайта басып шығару үшін қолжетімді болуы керек. Креативті индустрияны несиелендіруді де ескеру қажет. Біз түзетулерімен заң жобасын дайындадық, бұл жұмысқа жазушылар мен баспалардың атсалысуын ұсынамын, – деп қорытындылады комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Ж.Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі