Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.12.2023

Мәжіліс Бюджет кодексін бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 27 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Бюджет кодексі мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ жайылымдық жерлерді пайдалану және бизнес жүргізу мәселелері туралы заңдарды екінші оқылымда қабылдады.

 Бюджет кодексі жобасы жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл құжаттың бірнеше негізгі мәселені шешуге бағытталғанын айтты. Соның ішінде бюджет процестерін жеңілдету, блоктық бюджет элементтерін енгізу, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру және т.б.

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельева қосымша баяндамасында Кодекстің жаңа редакциясы Мемлекет басшысының Жолдауларында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленгенін атап өтті.

– Негізгі бағыттардың қатарында мемлекеттік қаржыны, оның ішінде бюджеттен тыс қорларды және квазимемлекеттік секторды басқару жүйесі арқылы іске асырылатын кеңейтілген бюджетті енгізу бар. Реформалар бюджетті басқарудан оларды бағалау және жоспарлау кезінде нәтижелерді басқаруға өтуді жалғастырады. Жаңа Бюджет кодексінің жобасында халықтың қатысуы да қарастырылғанын айта кеткен жөн, – деді жұмыс тобының жетекшісі.

Сонымен қатар жергілікті бюджеттерді бекіту үдерісіне бақылау күшейтіледі. Осы мақсатта қазір орталық деңгейде жүргізіліп жатқандай тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттерді қалыптастыру және нақтылау кезінде шығыстардың негізгі бағыттарына алдын ала бағалау жүргізу жоспарланып отыр.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ілеспе жобада Бюджет кодексінің жаңа редакциясына сәйкестендіру үшін 26 заңға түзетулер енгізіледі.

  Түзетулердің жеке блогы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін біріздендіруге қатысты. Концессия да мемлекеттік жеке әріптестіктің бір түрі болғандықтан, концессиялық жобаларды жоспарлау және іске асыру «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңмен реттелетін болады, ал «Концессиялар туралы» заңның күші жойылады, – деді Ұлттық экономика министрі.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Бюджет кодексінің жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжаттарды одан әрі талқылап, екінші оқылымға дайындау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

 Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау туралы хаттаманы ратификациялады. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Руслан Берденов түзетулер негізгі келісімге «электрондық нысандағы қызметтер» деген термин енгізу, электрондық қызметттерді көрсететін салық төлеушілерді оңайлатылған салық есебіне қою және электрондық қызметтерге қосылған құн салығын төлеу бөлігінде ұлттықтан жоғары тетік енгізу көзделгенін атап өтті.

Екі заң екінші оқылымда қабылданды. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, жайылымдық жерлерді пайдалану мәселелері бойынша енгізілген түзетулер осы саладағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

 – Түзетулерде жайылымға қажетті ауылшаруашылық жануарларының санын жүктеме нормасын 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқылы жер пайдаланбау фактілерінің критерийін қатайту көзделген. Жайылымдық жерлердің 20 млн га жуығы қайтарылуға тиіс. Жайылымдарды конкурсыз беру нормасы алынып тасталады. Сондай-ақ елдімекеннің айналасындағы ауыл тұрғындарының малын жаюға арналған жерлердің мәртебесін нығайту үшін «көпшілік пайдаланатын жайылымдар» жеке ұғымы енгізілді, – деді Н.Әшімбетов.

Кәсіпкерлік қызметті жақсартуға бағытталған бизнес жүргізу мәселелеріне қатысты заң да екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жолданды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы құжатты әзірлеу барысында депутаттар өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемеақысы мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту, қалаларда атмосфералық ауаны қорғауды мемлекеттік реттеудің қосымша құралдарын енгізу, өңірлерде қалдықтармен жұмыс істеу қызметін реттеу және ұйымдастыру және т.б. өзгерістер енгізгенін айтты. Сонымен қатар әкімшілік кедергілер мен артық талаптарды қысқарту мақсатымен кәсіпкерлік қызметті жаңадан реттеу ұсынылды.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.

 Бұдан бөлек Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа алды: кәсіптік одақтар туралы заңға түзетулер; ТМД елдерінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім; ЕАЭО елдерінде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану жөніндегі келісім; 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан мен Қытай арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттық корпустың өткен жылдағы жұмысын қорытындылап, бұл кезең Парламенттің жаңарумен ерекшеленгенін атап өтті.

– Көктемгі сайлаудың қорытындысы бойынша депутаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Мәжіліске алты саяси партия мен бірмандатты округтерден сайланған депутаттар келді. Бүгінде Мәжіліс түрлі көзқарас пен саяси пікірлер тоғысқан алаңға айналды. Бұл Президентіміздің саяси бағдарын жүзеге асыру жолындағы айтулы қадам болды. Мұның бәрі жұмысымызға тың серпін берді, – деді Палата спикері.

 Жалпы сессия басталғалы бері Палатаның жұмысында барлығы 106 заң жобасы болды. 35 заң қабылданып, Сенатқа жіберілді. Президент 26 заңға қол қойды. Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдарға 233 депутаттық сауал жолданды.

 Ерлан Қошанов депутаттар жаңа 2024 жылды сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге сапармен бастайтынын атап өтті. Төраға мәжілісмендер әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, жергілікті жерде шешімін таппай жатқан халықты толғандыратын мәселелерге терең үңілуі керектігін айтты. Президенттің халықтың тұрмысын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын бақылауға ерекше назар аудару қажет. Сапарлардың қорытындысы бойынша Мәжіліс халық көтерген барлық мәселені Үкімет пен әкімдіктердің орындауын бақылауға алады.

 Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

 

 

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Ж. Жұмабеков, Т. Таныбаев.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі