Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.02.2024

Мәжіліс шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған заңды қабылдады


Астана, 28 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалды арттыру мәселелері бойынша және әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңдарды екінші оқылымда қабылдады. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы Конституция нормаларына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, ғылым мәселелері туралы заң қабылданды, бірқатар халықаралық құжат ратификацияланды.

Жалпы отырыста байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ахуалды арттыру мәселелері бойынша заң қабылданды. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін депутаттардың бастамасымен әзірленді. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева заңда виртуалды байланыс операторларының рұқсат беру тәртібі қарастырылғанын айтты.

– Пилоттық жоба аясында геостационарлық емес спутниктерді (StarLink, OneWeb) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізу үшін ерекше реттеу қарастырылады. Пилоттық жобаның құқықтық және техникалық режимдерін байланыс саласындағы уәкілетті орган және Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайтын болады. Бұл шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Е.Смышляева.

Депутаттың айуынша, Алматы қаласындағы жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін байланыс операторлары өз желілерінде хабар тарату технологиясының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті болады. Бұл төтенше жағдайдағы жедел смс-хабарламаларға қатысты. Алматыдағы жер сілкінісі кезінде смс әдеттегі (қарапайым) технологиямен жіберілген және хабарламалар уақытында жетпеген. Заң Сенаттың қарауына жолданды.

Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңды да қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Заң балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруді көздейді.

– Заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, суицидті насихаттау, он алты жасқа толмаған адамдарға жыныстық қорлап тиісу және басқа да іс-әрекеттер криминализацияланды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік беретін Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттері нақтыланды. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібі реттелді, – деді жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменова.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түзетулер заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталғанын және оны әзірлеу барысында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

– Әйелдер мен балалардың қорғансыздығы жайындағы мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде жиі көтерілуде. Агрессорлар мен абьюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегуде. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады, – деді Е.Қошанов.

Ғылым мәселелеріне қатысты заңды депутаттар Президент тапсырмасын орындау мақсатымен әзірледі. Асхат Аймағамбетов түзетулердің басты мақсаты ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру екенін айтты. Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу институттарда немесе университеттерде істейтін ғалымдарымыз өздерінің доктор (PhD), ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемақы алады.

– Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы, PhD докторы, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, енді 92 мың теңге алады. Ал ол ғылым докторы болса және қазіргі уақытта 125 мың  теңге үстемақы алса, бұл заң қабылданғаннан кейін қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың  теңге, яғни, 185 мың теңге қосымша ақы алатын болады, – деді А.Аймағамбетов.

Сонымен қатар жоғары оқу орындарында және ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін ғалымдарға ғылыми, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-техникалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау үшін бір жылға дейінгі еңбек демалысы беріледі.             

Депутаттар кейбір заңнамалық актілерді ҚР Конституциясы нормаларына сәйкес келтіру жөніндегі заң жобасын  бірінші оқылымда мақұлдады. Конституциялық сот «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның кейбір баптарын еліміздің негізгі заңына сәйкес келмейді деп таныды. Осыған байланысты 16, 59, 61, 64-1-баптарға өзгерістер енгізілді.

– Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 6-тармақшасының ережелері азаматтардың конституциялық құқықтарына қысым жасауға әкеп соғады, әділдік, пропорционалдық және мөлшерлестік талаптарына сай келмейді. Мерзімсіз тыйым салудың орнына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты мемлекеттік қызметке қабылдауды шектеудің 2 жылдық мерзімін белгілеу ұсынылады, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Сонымен қатар Мәжіліс бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады. Оның бірі – екі мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және тұрақты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға бағытталған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт. Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Қайрат Омаровтың айтуынша, елдер өзара экономикалық кооперацияны тереңдету, сауда айналымын, инвестициялық қызметті, кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық қызметті нығайту және ұлғайтуға қолайлы жағдай жасайды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екі ратификациялық заң жобасын таныстырды. Соның ішінде зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама. Оның аясында енді Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше кез келген мемлекет міндетті лицензия бойынша өндірілген өнімді экспорттай алады. Бірақ мұндай дәрі-дәрмек өндірісі коммерциялық мақсатта емес, халықтың денсаулығын сақтау мақсатымен жүргізіледі.

 Келесі құжат – ТМД елдерінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім. Оның маңызды тармақтарының бірі – мамандандырылған эпидемияға қарсы бригадалардың іс-қимылының жеделдігі, төтенше жағдайлар туындаған кезде олардың мемлекеттік шекарадан өтуі қажет болған жағдайда ұзаққа созылатын рәсімдерді жою.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті үш жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады: «Жол жүрісі туралы» заңға жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; туристік индустрияны қолдау мәселелері бойынша заң жобасы.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

 

 Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттер Ж.Жұмабеков, Т.Таныбаев

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі