Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.06.2023

Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 14 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар еліміздің Ұлттық қорынан балаларға төленетін төлемдер мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ кәсіптік біліктілік туралы, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңдарды қабылданып, Сенатқа жолдады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.

Депутат Үнзила Шапақ өз баяндамасында жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылатынын атап өтті.

«Бірінші – тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екінші – білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз», – деді Ү.Шапақ.

Заң жобасын әзірлеушілердің сөзінше, бала 18 жасқа толғанға дейін қаражат Ұлттық қорда болады, ал Ұлттық Банк қаржы құралдарына инвестициялайды.

18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Бұл кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады. Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді. Жинақталған қаражатты он сегіз жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға болады және төленетін қаражат салық салудан босатылады.

Бұдан соң депутаттар үш заң жобасын қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады.

«Кәсіптік біліктілік туралы» заңына енгізілген өзгерістерде салалық мемлекеттік органдардың салалық кеңестермен және уәкілетті органмен келісім бойынша кәсіптік стандарттарды бекітуі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен тану орталықтары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда олардың жауапкершілігін белгілеу жөніндегі норма көзделген. Сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алған адамдарға қатысты шағымдар расталған жағдайда осындай құжаттың күшін жойылады. Бұл ретте осындай сертификаттар туралы мәліметтер Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң мен оған ілеспе түзетулер де қабылданып, Сенатқа жіберілді. Заңның міндеті – әлеуметтік желіде болатын буллинг, азаматтарды қорлау секілді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан азаматтарды қорғай отырып, саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу.

Жалған ақпаратты орналастыратын немесе тарататын онлайн- платформаларды пайдаланушылар үшін – 20 АЕК, ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауаптылық енгізіледі.

Депутаттар бастамашылық еткен «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңда заңсыз алынған және шығарылған активтерді қайтарудың, оның ішінде оларды мемлекет меншігіне өз еркімен берудің жаңа тәсілдері қарастырылған. «Негізсіз байлық (пайда болуы түсініксіз активтер)», «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам», «үстеме кіріс» ұғымдары нақтыланып, «әкімшілік-билік ресурстары» жаңа ұғымы енгізілді.

Заң жобасына депутаттар дауыс берген соң Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл заңның қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді шешетінін атап өтті.

«Басты мақсаты – әлеуметтік әділдікті орнату. Бұл жұмыс елдегі ауқымды реформалардың аясында Президент пәрменімен іске асып жатыр. Біз осы бағытта үлкен әрі маңызды қадам жасадық. Заңсыз әрекеттер жасағаны үшін ешкім де жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды. Сондықтан шетел асқан активтерді елге қайтару үшін бұл заң қажетті механизмдер мен мүмкіндіктер қарастырып отыр», – деді спикер.

Сонымен қатар Палата комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша түзетулер; ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының 2002 жылғы 7 қазандағы Жарғысына өзгерістер енгізу туралы Төртінші хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы.

 Жалпы отырыс соңында депутаттар жауапты мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдарын жолдады.  

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04. Фото Ж.Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі