Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


06.06.2024

Мәжіліс төрағасы ТүркПА-ның кезекті отырысына қатысты

Баку, 6 маусым. Әзербайжан астанасында түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) ХІІІ пленарлық отырысы және Ассамблея Кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараларға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы қатысты. Түркі мемлекеттері парламенттері басшыларының бүгінгі кездесуі «Түркі Әлемі алдындағы жасыл көкжиектер: жасыл күн тәртібіне қол жеткізудегі парламенттердің рөлі» тақырыбына арналды. Сапар Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің парламенттер делегацияларының басшыларымен кездесуінен басталды. Әзербайжан басшысы түркі мемлекеттерінің табысты интеграциясындағы заң шығарушы органдардың рөлін атап өтті. Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен жылы лебізін жеткізді. - Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан байланысы үлгі боларлық деңгейде. Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Сіздің араларыңыздағы тығыз сенімді диалог – біздің табысты ынтымақтастығымыздың кепілі. Қазақстан мен Әзербайжан парламенттері де осындай сенім мен ынтымақтастық рухында жұмыс істеп жатыр деп сеніммен айта аламын, – деді Ерлан Қошанов. ТүркПА Кеңесінің отырысында Ұйымға төрағалық етуді Әзербайжан Республикасының Милли Мәжілісі қабылдады. Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Ерлан Қошанов ТүркПА Қазақстанның бастамасымен түркі бірлігін нығайту үшін парламенттік алаң ретінде құрылғанын атап өтті. 15 жылдан бері ұйым бұл миссияны сәтті орындап келеді. Жиын тақырыбының өзектілігіне тоқталған Мәжіліс спикері жасыл энергетикаға көшу және көміртегі бейтараптығы Ұйымға қатысушы елдер үшін климаттық күн тәртібіндегі ортақ мақсат екенін атап өтті. - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан климат бойынша халықаралық шарттар міндеттемелеріне қол жеткізуге бағытталған жұмысты жүргізуде. Мәселен, былтыр 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді. Су және Салық кодекстері әзірленуде. Онда «Жасыл күн тәртібі» ескерілуде. Парламент бұл жұмысқа толығымен атсалысуда, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс төрағасы «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді. Оның аясында экожүйені қорғау бойынша ауқымды жобалар қолға алынғанын айтып, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі Әзербайжанның бастамаларына қолдау білдірді. Осыған байланысты Ерлан Қошанов Әзербайжанға биыл қараша айында Бакуде өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP29) тараптарының 29-конференциясының табысты өтуін тіледі. Сонымен бірге Мәжіліс спикері жасыл экономика тауарлары мен қызметтерінің стандарттарына ортақ көзқарас қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Кездесуде тараптар ТүркПА елдеріне арналған бірқатар модельдік заң қабылдау мәселесін де талқылады. Олардың қатарында жеке деректерді қорғау, еңбек нарығының талаптарына сай кадр даярлау, сауда өкілдіктері, айналымға шығарылатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасы және темекі өнімдерін пайдалануды шектеу туралы заң жобалары бар. Ассамблеяның XIII отырысы алаңында негізгі сессиядан бөлек депутаттардың қатысуымен парламентші әйелдердің, жастар тобының, сондай-ақ ТүркПА аясындағы Парламент аппараттары басшыларының кездесулері өтті. ТүркПА-ның XIII пленарлық отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар Баку декларациясын қабылдады. Сондай-ақ отырыс күні парламенттер спикерлері Әзербайжан ұлтының көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

04.06.2024

Мәжіліске Мысыр Сенатының төрағасы келді

Астана, 4 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Мысыр Араб Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Әбделуахаб Әбделразеқпен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыру, соның ішінде парламентаралық байланысты тереңдету мәселесін талқылады. Ерлан Қошанов Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. - Осы уақыт ішінде екі ел арасында тығыз ынтымақтастық орнады. Бұл ең әуелі біздің көшбасшыларымыз – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әбдел Фаттах Ас-Сисидің ерен еңбегінің арқасында деп білемін. Алдағы уақытта да екі ел басшыларының әріптестікті күшейтуге бағытталған жұмысын біз Парламент деңгейінде жалғастыратын боламыз, – деді Мәжіліс төрағасы. Палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси, экономикалық реформалар туралы айтып, Мәжілістің заң шығару қызметіне тоқталды. Тараптар екі ел депутаттары достық топтарының жұмысын жандандыруға келісті. Осы орайда Ерлан Қошанов заңнама саласында тәжірибе алмасып, екі елдің шарттық-құқықтық базасын кеңейтуге, атап айтқанда, Қазақстан мен Мысыр арасындағы ұстап беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және сотталған адамдарды беру туралы шарттарға қол қоюдың маңыздылығына назар аударды. Өз кезегінде Әбделуахаб Әбделразеқ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды толық қолдайтынын айтты. - Біздің мақсатымыз – екі ел Парламенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар әлеуметтік, экономикалық және саяси байланыстарды арттыруды көздейміз. Екі ел көшбасшылары да ықпалдастықты одан әрі күшейтуге ниетті. Бүгін Қазақстан Президентімен кездесу біз үшін зор мәртебе болды, – деді Мысыр Сенатының төрағасы Әбделуахаб Әбделразеқ. Отырыс барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзит, туризм саласы мен мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелерін де талқылады. Жиын соңында Ерлан Қошанов Мысыр Сенаты төрағасының ресми сапары елдер арасындағы саяси диалогты нығайтып, Парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

03.06.2024

Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті

Алматы, 3 маусым. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Ерлан Қошанов жиынға қатысушыларға 2024 жылы Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалығы кезіндегі басымдықтарының жүзеге асу барысы туралы ақпарат берді. – Біз бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ісінде Ұйымымыздың әлеуетін дамытуға баса назар аудардық. Қазақстан Президенті – ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл құжат қажетті модельдік заңдар мен ұсыныстарды әзірлеу үшін біздің парламенттеріміздің де үйлесімді іс-әрекетін қамтиды, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов терроризм мен экстремизмге, ақпараттық технологиялар мен есірткі бизнесі саласындағы қылмыстарға қарсы күреске бағытталған ұйымға мүше елдердің аумағындағы бірқатар іс-шараны атап өтті. Мәжіліс төрағасы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Сонымен қатар жиынға қатысушылар әлемдегі жалпы геосаяси жағдайды талқылап, Таяу Шығыстағы ахуал ерекше алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Мәжіліс спикері халықаралық қоғамдастық Ауғанстандағы күрделі гуманитарлық жағдайды да ұмытпауы керектігіне назар аударды. – Парламентаралық деңгейдегі сындарлы жұмысымыздың аясында біз осы мәселелерге үнемі ерекше назар аударамыз. Қазіргі қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін заңнамалық базаны қамтамасыз ету мақсатымен елдеріміздің парламенттері арасындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыру маңызды деп санаймын, – деді Ерлан Қошанов. Кездесуге Қазақстан тарапымен қатар Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин, Беларусь Республикасының Ұлттық жиналысы Өкілдер Палатасының төрағасы Игорь Сергеенко, Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиев және Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомали бастаған делегациялар мен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ ПА Атқарушы хатшысы Сергей Поспелов қатысты.

28.05.2024

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс төрағасы Иран Президентімен қоштасу рәсіміне қатысты

Тегеран, 22 мамыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Иран Ислам Республикасына жұмыс сапармен барды. Тегеранда Ерлан Қошанов Президент Ибрахим Раисидың қайтыс болуына байланысты көңіл айту және құрмет көрсетуге арналған іс-шараға қатысты. Бүгін Иран халқы тік ұшақ апатынан қайтыс болған Президент Ибрахим Раисимен қоштасты. Президенттер сарайында өткен көңіл айту және құрмет көрсетуге арналған іс-шараға Қазақстан делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды. Палата спикері Иран Ислам Республикасы вице-президенті Мохсен Мансуримен және мемлекеттің жоғары саяси басшылығымен кездесіп, Қазақстан Президентінің атынан бүкіл Иран халқына, сондай-ақ қаза тапқан адамдардың отбасыларына көңіл айтты. – Біздің Президентіміз бұл суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды. Иранның Жоғары лидері Әли Хаменеи мен Иран халқына қөңіл айту хаттарын жолдады. Сонымен қатар, кеше Иранның Астанадағы Елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Ибрахим Раиси Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сенімге негізделген достық байланыстардың дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде біздің жадымызда сақталады, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың достас Иранмен сенімді серіктестік пен тығыз әріптестікті нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. – Осындай қиын кезеңде Астанадағы елшілігімізге барып, біздің халқымызға қолдау көрсеткені және Иранның Жоғары лидері Әли Хаменеи мен халқымызға қөңіл айту хаттарын жолдағаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымыз шексіз. Мұны ешқашан ұмытпаймыз. Алдағы уақытта қарым-қатынасымызды да дамыта беруге мүдделіміз, – деді Мохсен Мансури. Мәжілістің Баспасөз қызметі, суретті түсірген Ж.Жұмабеков

27.05.2024

Мәжіліс вице-спикері Әйелдер диалогы отырысында қазақстандық әйелдердің ел экономикасына үлесі туралы айтты

Бішкек, 27 мамыр. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева өңір елдерінің экономикасындағы әйелдердің рөліне арналған Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы отырысына қатысты. Онда вице-спикер әріптестеріне қазақстандық әйелдердің осы бағыттағы жетістіктері туралы айтып берді. Отырысқа Орталық Азия елдерінің Парламент өкілдері, БҰҰ құрылымдық бөлімшелерінің, мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты. Жиналғандар әйелдердің цифрлық даму, әлеуметтік және экологиялық инновацияларды ілгерілету бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева форумның ресми ашылуында сөйлеген сөзінде Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі қарқынды дамып келе жатқанына назар аударып, жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда әйелдер қауымының үлесі шамамен 40 пайызды құрап отырғанын атап өтті. – Біз еліміздің барлық өңірі мен ірі қаласында әйелдер кәсіпкерлігін дамытумен айналысатын 17 орталық аштық. Олар ақпаратқа, қаржыландыруға және кәсіби қауымдастықпен етене араласуға жол ашады. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам әйел азамат осындай қызметтің 26 мыңнан астам түрін пайдаланды. Олар жаңа мамандықтар игеріп, өз кәсіптерін ашып, ауылдық жерлерде жобаларын жемісті жүзеге асыруда,– деді Дания Еспаева. Оның айтуынша, әйелдердің әлеуметтік бастамалары, әлеуметтік кәсіпкерлік белсенді түрде алға басып келеді. Әйел азаматтар жаңа цифрлық индустрияда қызметте зор табысқа қол жеткізуде. 2023 жылы It-Aiel бағдарламасы іске қосылды. Соның арқасында 2 мыңнан астам жұмыссыз әйелге IT-мамандықтарды тегін оқыту мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ вице-спикер биыл Қазақстанда гендерлік зорлық-зомбылық криминалданғанын айтты. Енді ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Ал денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіргені үшін тек бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді. Болашақта сталкинг және харассмент мәселелерін шешу көзделуде.

22.05.2024

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс төрағасы Иран Президентімен қоштасу рәсіміне қатысты

Тегеран, 22 мамыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Иран Ислам Республикасына жұмыс сапармен барды. Тегеранда Ерлан Қошанов Президент Ибрахим Раисидың қайтыс болуына байланысты көңіл айту және құрмет көрсетуге арналған іс-шараға қатысты. Бүгін Иран халқы тік ұшақ апатынан қайтыс болған Президент Ибрахим Раисимен қоштасты. Президенттер сарайында өткен көңіл айту және құрмет көрсетуге арналған іс-шараға Қазақстан делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды. Палата спикері Иран Ислам Республикасы вице-президенті Мохсен Мансуримен және мемлекеттің жоғары саяси басшылығымен кездесіп, Қазақстан Президентінің атынан бүкіл Иран халқына, сондай-ақ қаза тапқан адамдардың отбасыларына көңіл айтты. – Біздің Президентіміз бұл суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды. Иранның Жоғары лидері Әли Хаменеи мен Иран халқына қөңіл айту хаттарын жолдады. Сонымен қатар, кеше Иранның Астанадағы Елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Ибрахим Раиси Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сенімге негізделген достық байланыстардың дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде біздің жадымызда сақталады, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың достас Иранмен сенімді серіктестік пен тығыз әріптестікті нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. – Осындай қиын кезеңде Астанадағы елшілігімізге барып, біздің халқымызға қолдау көрсеткені және Иранның Жоғары лидері Әли Хаменеи мен халқымызға қөңіл айту хаттарын жолдағаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымыз шексіз. Мұны ешқашан ұмытпаймыз. Алдағы уақытта қарым-қатынасымызды да дамыта беруге мүдделіміз, – деді Мохсен Мансури. Мәжілістің Баспасөз қызметі, суретті түсірген Ж.Жұмабеков

29.04.2024

Сингапур Парламентінің спикері Мәжіліске келді

Астана, 29 сәуір. Мәжіліс үйі. Астанаға Сингапур Республикасы Парламентінің спикері Сеа Киань Пэн ресми сапармен келді. Мәжілісте мейманды Палата төрағасы Ерлан Қошанов қабылдады. Кездесуде Мәжіліс төрағасы Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Сеа Киань Пэн мырзаның бұл сапары Қазақстан-Сингапур қатынастарын жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге зор серпін беріп, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. – Биыл Қазақстан мен Сингапур арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 31 жыл толды. Осы уақыт ішінде сенім мен сыйластыққа негізделген екіжақты ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапурдың бұрынғы басшысы Халима Якобтың былтырғы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезіндегі кездесуі септігін тигізді. Парламентарийлер ретінде біздің міндетіміз – көшбасшыларымыз қол жеткізген барлық келісімдерді жүзеге асыру үшін жағдай жасау, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов әріптесіне Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен болып жатқан өзгерстер туралы айтып берді. Осы орайда Сингапур мен Қазақстанның ішкі саяси бағытының ұқсастығына назар аударды. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басшылыққа алатан «әртүрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт» қағидатының мызғымастығына мән берді. Сингапур Парламентінің спикері екі ел ынтымақтастығын дамытудағы болашағы зор салалардың қатарында экономика, білім беру мен денсаулық сақтауды атап өтті. Сеа Киань Пэн Сингапурдың даму жылдарында жиған құнды тәжірибелерімен Қазақстанмен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Мәртебелі мейман Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын жоғары бағалады. – Бұл стратегия Әділетті Қазақстан, прогрессивті мемлекет құруға және халықтың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Түрлі өзгерістерге, инновацияларға бейімделу, реформалар қабылдау – дамыған ұлттың өзегі. Бірақ одан да маңыздысы – халықтың жауапкершілігі мен жасампаздығы. Осы құндылықтар әлеуметтік әділдікті қалыптастырудың негізінде жатыр, – деді Сеа Киань Пэн. Кездесу соңында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты, соның ішінде достық топтары арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға келісті.

26.04.2024

Мәжіліс төрағасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына барды

Үрімші, 26 сәуір. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Үрімшіге келді. Онда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай коммунистік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті. Тараптар екі жақты, соның ішінде өңіраралық ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін талқылады. - Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында болды. Одан кейін Сіз Қазақстанға жұмыс сапарымен келдіңіз. Бұл оқиғалар Шыңжаң мен Қазақстанның шығыс облыстары арасындағы өңіраралық байланыстарға тың серпін берді. 1783 шақырымға созылған ортақ шекарамыз бар. Оған қоса, осы Шыңжаң аумағында біздің 1,6 миллионнан астам қандасымыз, қазақ бауырымыз тұрады. Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы «алтын көпірге» айналды, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс төрағасы Шыңжаң Қазақстан үшін достас Қытайға жол ашатынын және бұл оның екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтудағы рөлін көрсететінін атап өтті. Жиын барысында Мәжіліс төрағасы екі елдің депутаттары өзара келісімдер мен уағдаластықтардың орындалу сапасын жүйелі түрде бақылай алатынын атап өтті. Басқосуда сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды. – Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жартысынан астамы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Өсу қарқыны көңіл қуантады. Бұған былтыр қараша айында енгізілген визасыз режим оң әсер еткені сөзсіз. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үрімші қаласында QazTrade сауда өкілдігі ашылады. Оның қызметі екі ел арасында іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталады, – деді Ерлан Қошанов. Тараптар Қазақстан аумағында электронды сауданы дамыту үшін бірлескен өңірлік қойма инфрақұрылымын құру идеясын да талқылады. Сондай-ақ көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық су ресурстары және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өз кезегінде Ма Синьжуй Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда Шыңжаңның Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған тарихи деңгейге жетті. Ол Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын жүзеге асырудағы негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Жақын арада «Аягөз-Тачэн» үшінші теміржол шекара өткелінің құрылысы басталады. Ол Шыңжаңның Қазақстанның шекаралас облыстарымен байланысын одан әрі кеңейтіп, Қытайдың Орталық Азияға алтын қақпасы ретіндегі рөлін нығайтады. - Қазақстан реформаларды жүйелі түрде жүргізуде. Біз сіздер үшін қуаныштымыз. Президент Тоқаев бастаған реформалар өз жемісін береді деп сенеміз. 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасының өсуі қарапайым азаматтардың өміріне екі есе оң әсер етері сөзсіз. Бұл жерде Қытай мен Қазақстанның әлеуеті байланысты және бір-бірін толықтыратыны маңызды. Біздің энергетика, ауылшаруашылығы, гуманитарлық салада болашағымыз зор, - деді Ма Синьжуй. Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Қытайдағы ең ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші «Xinjiang Xinyan» компаниясының қызметімен танысты.

25.04.2024

Мәжіліс төрағасының Қытайға ресми сапары басталды

25 сәуір, Бейжің. Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Қытайға ресми сапармен келді. Бейжіңде депутаттар Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен, Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен және Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесті. Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуде тараптар парламентаралық диалогтан бастап екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастыққа дейінгі көптеген мәселені талқылады. - Соңғы екі жыл Қазақстан мен Қытай тарихындағы маңызды кезең болды. Мемлекет басшыларымыздың күш-жігерінің арқасында ол жаңа деңгейге көтерілді. Біздің парламенттер арасындағы өзара іс-әрекет көшбасшыларымыздың қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыруға бағытталуға тиіс. Біздің өткен жылы жоспарланған осы ресми сапарымыз парламентаралық байланыстарды жан-жақты нығайтуға жақсы мүмкіндік береді. Өткен жылы жоспарланған осы ресми сапар Парламентаралық байланысымызды одан әрі арттыруға септігін тигізеді, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістер туралы, сондай-ақ Мәжілістің қазіргі қызметі жайлы айтып берді. Қазақстан депутаттары қытайлық әріптестерінің тәжірибесіне, соның ішінде, жасанды интеллект пен төтенше жағдайларға қарсы күрес саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударды. – Елдеріміздің үкіметтері арасында трансшекаралық өзендердің суын бөлу туралы екіжақты келісім әзірленуде. Біз осы маңызды келісімге тезірек қол қоямыз деп үміттенеміз, – деді Мәжіліс төрағасы. Өз кезегінде Чжао Лэцзи парламентаралық ынтымақтастық Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің маңызды бөлігі екенін айтты. Сондай-ақ ол Мәжіліс төрағасының бұл сапары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. – Соңғы жылдары Төраға Си Цзиньпин мен Президент Тоқаевтың стратегиялық басшылығының арқасында екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Қытай алдағы уақытта да Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдай береді. Қытай әрқашан Қазақстанның өз даму жолын, оның өркендеу мен тұрақтылыққа бағытталған сыртқы және ішкі саясатын қолдайды, – деді Чжао Лэцзи. Тараптар өткен жылдың қараша айында визасыз режим енгізілген сәттен бастап және Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өткізілуіне байланысты екі ел азаматтарының өзара сапарларының айтарлықтай артқанын атап өтті. Олар мұны үлкен дипломатиялық жетістік деп атады. Кездесу барысында спикерлер мәдениет, білім беру салаларында да серіктестікті арттыруға мүдделі екендерін айтты. Екі елдің астаналарында Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарының тезірек ашылуына ерекше мән берілді. Кездесу соңында Мәжіліс спикері әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен кездесті. Танымал қытай саясаткері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына жоғары баға беріп, Қытай инновация мен цифрландыру саласы бойынша әріптестікке дайын екенін мәлімдеді. – Біз Президент Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстан құру жөніндегі стратегиялық мақсаттың орындалатынына сенімдіміз. Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне тың серпін беретін өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделіміз. Қытай тарапы еліңізге сенімді тірек болуға дайын, – деді Ван Хунин. Ол Қытай мен Қазақстанның өзара берік қолдауы екіжақты күн тәртібінен әлдеқашан шығып кеткенін ерекше атап өтті. Бұл халықаралық және өңірлік істерде айқын көрінеді. Қытай тарапы Қазақстанның жаһандық ықпалының өсуін және оның халықаралық аренада дауыс беру құқығын арттыруды қалайды. - Президент Тоқаев 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыруды стратегиялық мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жетуде қазақстандық әріптестерімізді қолдаймыз. Сондықтан екі елдің даму стратегияларын үйлестіріп, саяси байланыстарды нығайту маңызды, – деді қытайлық саясаткер. Ван Хунин жуық арада Қазақстан Парламенті қабылдаған «Ұлттық қор – балаларға» заңының іске асырылу барысына қызығушылық танытты. Өз кезегінде Ерлан Қошанов Президент жариялаған экономикалық өзгерістер Қытаймен инфрақұрылымды жаңғырту, өндірісті, банк ісін дамыту және жаңа инвестициялар тарту мәселелері бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесуде екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқыны атап өтілді. - Жақында Сіз Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетін табысты басқардыңыз және елдеріміздің достық әлеуетін жақсы білесіз. Қазір энергетика, автокөлік құрастыру, логистика, электрондық сауда салаларында бірқатар серпінді жоба іске асырылуда. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы тарихтағы ең жоғары деңгейге – 41 миллиард АҚШ долларына жетті. Мұның барлығы қысқа уақыт ішінде ауқымды мақсаттар қойып, орта мерзімде сауда-саттықты еселеп арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мәжіліс төрағасы. ҚХР Төрағасының орынбасары өз сөзінде дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде елдеріміз тату көрші, жақсы дос, сенімді серіктеске айналды. Жаңа алтын 30 жылдықта Қытай мен Қазақстан бар күш жігерін көшбасшыларымыздың келісімдерін іске асыруға бағытталуы керектігіне мән берді. - Біз ынтымақтастығымызды инновациялар есебінен де ілгерілетуіміз керек. Баламалы энергия, трансшекаралық электронды сауда, спутниктік телекоммуникация сынды жаңа салаларда байланыстарымызды тереңдету қажет, – деді Хан Чжэн. Бұдан бөлек, делегация мүшелері «SANY Group» машина жасау кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл – құрылыс және арнайы техника көліктерін шығаратын және сататын әлемдік рейтингтегі төртінші компания. Мәжіліс делегациясының ресми сапары ертең Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында жалғасады.

26.03.2024

Ерлан Қошанов ресми сапармен Швейцарияға барды

Берн, 26 наурыз. Швейцария Конфедерациясына ресми сапары аясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бернде Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Эрик Нузбаумермен және Швейцария Конфедерациясының федералды кеңесшісі, Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесті. Федералды жиналыстың Ұлттық Кеңесінің төрағасымен кездесуде Ерлан Қошанов Эрик Нузбаумерге Швейцарияға ресми сапармен шақырғаны үшін алғыс айтты. Мәжіліс спикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға 2021 жылғы қарашадағы алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа тарауын ашты. 2021 жылғы тамызда Қазақстанға Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы ресми сапармен келді. Біздің бүгінгі сапарымыз екі ел арасындағы парламентаралық диалогты нығайтуға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – деді Мәжіліс төрағасы. Ерлан Қошанов өз әріптесіне Президент реформалары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ VIII шақырылымдағы көп партиялы Мәжіліс жұмысы, оның ішінде қабылданған жаңа заңдар туралы мәлімет берді. Мәжіліс спикері қазақстандық тараптың Швейцариямен құқықтық саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниеті туралы айтты. Тараптар достық топтары, комитеттер мен партиялық фракциялар арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономика, көлік-логистика, экология, білім беру мен ғылым салаларында серіктестікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды. Өз кезегінде Эрик Нузбаумер Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар парламентаралық байланыстарды тереңдетуге дайын екенін жеткізіп, достық топтарының жұмысын белсене жалғастыруға мүдделі екенін айтты. Сондай-ақ Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін одан әрі дамытуға депутаттардың атсалысатынына назар аударды. Кездесу соңында Ерлан Қошанов швейцариялық швинген балуандарын («қазақ күресіне» ұқсас күрестің ұлттық түрі) Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Швейцария Конфедерациясының Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесуде Мәжіліс төрағасы Қазақстан мен Швейцарияның әріптестігі өзара құрмет, достық және сенім рухында, оның ішінде парламенттер бағыты бойынша нығаятынына сенім білдірді. Тараптар елдер арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту да талқылады. – Қазақстандық нарық – бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тиімді бастапқы алаң. Біз Швейцария ерекше жетістікке жеткен салаларда тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Ол – энергетика, қазба байлықтарын қайта өңдеу, фармацевтика, машина және аспап жасау, туризм және қаржылық қызмет көрсету салалары. Қазақстан бизнес жүргізу үшін оңтайлы жағдаймен қамтамасыз етуге дайын, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс спикері Швейцария тарапының халықаралық аренадағы Қазақстанның бастамаларын қолдауын жоғары бағалайтынын және БҰҰ алаңында кандидатураларды өзара қолдау бойынша ынтымақтасудың жоғары деңгейін атап өтті. Тараптар Қазақстан азаматтары үшін Шенген аймағының визалық режимін жеңілдету және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы өзара түсіністік жөнінде меморандум жасасу мәселелері бойынша да пікір алмасты.

13.03.2024

Мәжіліс төрағасы Швейцария Елшісімен кездесті

Астана, 13 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Швейцария конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Салман Балмен кездесті. Кездесуді ашқан Ерлан Қошанов Елшіге өткен жылдың күзінде басталған Қазақстандағы дипломатиялық жұмысына табыс тіледі. Мәжіліс спикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси-экономикалық серіктесі екенін және елімізге инвестиция салудан көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті. – Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жыл ішінде сенімді саяси диалог жолға қойылды. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық табысты дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар арта түсуде. Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты шет елдермен іскерліктің кең мүмкіндіктерін ашады. Осыған байланысты біз Қазақстан нарығына швейцариялық серіктестерімізді шақырамыз, – деді Ерлан Қошанов. Палата спикері Елшіге Мемлекет басшысының саяси реформалары туралы айтып, соның нәтижесінде бүгінде Мәжілісте алты партия мен бір мандатты округтен сайланған депутаттар бар екеніне назар аударды. Елші Қазақстан мен Швейцарияның экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық білім беру саласындағы өзара іс-қимылының әлеуетін толығымен пайдалану керектігімен келісті. Оның айтуынша, парламентаралық ынтымақтастық біздің байланыстарымызды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда тараптар Мәжілісте және Ұлттық Кеңесте құрылған парламенттік достық топтарын, содай-ақ комитеттер мен саяси партиялардың фракцияларымен жұмыс істеуге уағдаласты. Елші екі елдің депутаттары тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей алатын бірқатар бағытты ұсынды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, суды үнемдеу, логистика және білім беру салалары бар. – Швейцария жоғары кәсіби техникалық қызметкерлерді даярлауға мүмкіндік беретін дуалды білім беру жүйесімен танымал. Біздің тәжірибеміз Қазақстанға пайдалы болар еді, – деді Салман Бал.

05.03.2024

Ерлан Қошанов Татарстан басшылығымен парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Қазан, 5 наурыз. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Федерациясына ресми сапары аясында Қазан қаласына барып, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен және Татарстан Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесті. Кездесуде Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановқа жуырда ғана Қазанда өткен «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің салтанатты ашылуына қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. – Бұл – шын мәнінде спортты, ғылымды және технологияны біріктіретін өте креативті шешім. Осы тәжірибені әртүрлі салада іс жүзінде қолдану зор мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан Президентіміз келесі «Болашақтың ойындарын» Қазақстанда өткізуді ұсынды, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов өңіраралық өзара іс-әрекет туралы айта келе, Татарстан Ресейдің жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі және біздің еліміз үшін маңызды серіктес екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда «Татнефть» (шина зауыты, бутадиен өндірісі), «ТЭМПО» (үлкен диаметрлі тік тігісті құбырлар өндірісі) және басқа да ірі компаниялар өз өндірістерін іске қосты. Тараптар ынтымақтастықты, әсіресе, жоғары технологиялар саласындағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Мәжіліс спикері осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды «IT-мемлекетке» айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанын айтты. Өз кезегінде Рустам Минниханов Қазақстан Президентімен кездесуді ерекше ықыласпен еске алып, қазақ және татар халықтарының тарихи-мәдени деңгейдегі жақындығын атап өтіп, Қазақстан мен Татарстан IT-парктерінің әлеуетін біріктіруді ұсынды. Кездесу соңында Татарстан Раисы Қазақстан басшылығының биыл Астанада «Ұлы Дала Дүбірі» ұранымен өтетін Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақыруын ризашылықпен қабылдады. Сапар барысында Мәжіліс төрағасы Татарстан Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесіп, Қазақстан депутаттарының заң шығару жұмысы туралы айтып берді. Әсіресе, жаңа салық, бюджет, құрылыс және су кодекстеріне, халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету, лудоманиямен күрес, әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі заң жобаларына тоқталды. Сондай-ақ ол әріптестерін Мемлекеттік Кеңестің 30 жылдығымен құттықтап, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруда толағай табыс тіледі. – Бізге парламентаралық байланысты дамытып, жиған тәжірибемен алмасу өте маңызды. Депутаттар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асуына жан-жақты атсалысуға тиіс. Бүгінгі таңда Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының негізін өңіраралық ынтымақтастық құрайды. Қазақстан мен Ресей Федерациясы өңірлерінің басым көпшілігімен тікелей сауда-экономикалық байланыс белсенді түрде дамып келеді. Олардың ішінде Татарстан көш бастап тұр, – деді Ерлан Қошанов. Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастықты талқылады. – Біздің ортақ құндылықтарымыз көп – дініміз, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз бір, тіліміз де ұқсас. Мұхтар Әуезовтің шығармалары татар тіліне аударылған. Биыл татар тілінде қазақ халық ертегілерінің жинағы шығарылады. Біздің елімізде Ұлы татар ақындары Ғабдолла Тоқай мен Мұса Жәлелге ескерткіштер орнатылды. Қазақстанда жыл сайын Сабантой кеңінен атап өтіледі. Татарстан университеттерінде оқитын қазақстандық студенттер – біздің халықтар арасындағы алтын көпіріміз, – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде Фарид Мухаметшин өзара мәдени және туристік байланысты нығайтуға шақырды. Ол сондай-ақ мәселелерді шешу және нақты жобаларды жүзеге асырудағы парламентшілердің тұрақты диалогының маңыздылығын атап өтті. Ресми сапар аясында Мәжіліс делегациясы Қазан Кремлінде болды, Б.Рамеев атындағы IT-парк жобаларымен, сондай-ақ IT мамандар даярлайтын «21 мектеп» жұмысымен және Ресейдегі химия өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – «Технополис Химград» инновациялық индустриялық паркінің өндірістік алаңдарымен танысты.

04.03.2024

Мәжіліс төрағасының Ресей Федерациясына ресми сапары басталды

Мәскеу, 5 наурыз. Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар делегациясы Мәскеуге келді. Ресей астанасында Федералдық Жиналыс Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен және Федералдық Жиналыс Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесулер өтті. Сапар барысында Ерлан Қошанов Мемлекеттік Думаның төрағасы Вячеслав Володинмен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ол Ресей Қазақстан үшін әрдайым сенімді одақтас, стратегиялық әріптес, тату көрші екенін және солай болып қала беретінін атап өтті. – Елдеріміз арасында сенімді саяси диалог жолға қойылған. Тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс орнап, берік шарттық-құқықтық база қалыптасқан. Жыл өткен сайын бұл қарым-қатынастар тек нығайып келеді. Көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин оларды дамудың жаңа деңгейіне көтерді, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов Мәжілістің Мемлекеттік Думамен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға зор мән беретініне тоқталып, Вячеслав Володинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Бүгінде екі ел парламентшілері достық топтары, әртүрлі халықаралық және аймақтық ұйым аясында белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Заң шығару мәселелері бойынша тәжірибе алмасады. Мәжіліс спикері Ресей мен Қазақстан шекарасындағы отандық жүк тасымалдаушылардың проблемаларын жедел шешу Парламент депутаттары арасындағы өзара іс-қимылдың нақты нәтижелерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ төраға өңіраралық және экономикалық байланыстың келешегі жөнінде сөз қозғады. Әлемдегі ең ұзақ шекара Қазақстан мен Ресей арасында екенін, Қазақстанның 8 облысы Ресейдің 12 аймағымен шектесетінін атап өтті. Тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекаралық саудаға тиесілі. Мұнда да сауда қатынастарын кеңейту мен өндірістік кооперацияны нығайту үшін әлеует зор. Сонымен қатар спикерлер мәдениет пен білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Ерлан Қошанов бүгінде Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының алты филиалы жұмыс істейтінін айтты. – Соңғы жылдары бізде инженерлік-техникалық саладағы мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан Мемлекет басшысы елімізде техникалық мамандықтар бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды. Бұл тұрғыда біз жетекші ресейлік жоғары оқу орындарымен жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Мәжіліс Төрағасы. Кездесуді қорытындылай келе депутаттар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты қарым-қатынасты нығайту жөніндегі жұмысты арттыру туралы уағдаласты. Сондай-ақ ресми сапар аясында Мәжіліс спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Ерлан Қошанов әріптесіне Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстандағы маңызды өзгерістер туралы айтты. – Былтыр өткен конституциялық реформаға байланысты заңнамамызды айтарлықтай жаңарттық. Біз еліміздің конституциялық заңдарына бірқатар маңызды түзету енгіздік. Мәжіліс алғашқылардың бірі болып «Ұлттық қор – балаларға» заңын қабылдады. Ол заң қазір қолданыста. Жаңа Бюджет, Салық, Су, Құрылыс кодекстерімен жұмыс басталды, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс спикері ресейлік сенаторларға күзде Санкт-Петербургте өтетін Төртінші Еуразиялық әйелдер форумына табыс тіледі. Өз кезегінде Валентина Матвиенко Қазақстан мен Ресей парламенттерін барлық мәселе бойынша берік достық пен өзара түсіністік байланыстыратынын атап өтті. Федералдық жиналыс басшысы Қазақстан депутаттарының заңнамалық бастамаларына қолдау білдіріп, осы бағытта белсенді түрде тәжірибе алмасуды ұсынды. Мәжіліс төрағасының ресми сапары одан әрі Казань қаласында жалғасады. Онда Ерлан Қошанов Татарстан Республикасының басшысы Рустам Миннихановпен және Республика Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездесулер өткізеді.

29.02.2024

Мәжіліс спикері Ресейдің Қазақстандағы Елшісімен кездесті

Астана, 29 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады. Ерлан Қошанов Ресей мен Қазақстан Тату көрші әрі одақтастық туралы шартты негізге ала отырып, ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. – Мемлекет басшылары біздің түрлі саладағы өзара байланысымыздың жоғары қарқынын айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өңіраралық ынтымақтастық форумдары тұрақты түрде өткізіліп, нәтижесінде маңызды экономикалық жобалар қолға алынуда. Біздің елдер арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келеді және 70 пайыз өңірлер арасындағы тікелей сауда арқылы қамтамасыз етіліп отыр, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс төрағасы парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан-Ресей байланысының маңызды құрамдас бөлігі екенін айтты. Мемлекеттік Думадағы әріптестермен түрлі форматтағы – достық топтары және палатааралық парламенттік комиссия аясындағы ықпалдастық арта түсуде. Депутаттар ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық одақ және басқа да көпжақты форумдар алаңында тұрақты түрде пікір алмасып келеді. – Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етуде. Маусым айында Алматыда ұйымның Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтеді деп жоспарланып отыр. Біз ресейлік әріптестерімізді Қазақстанда күтеміз, – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде Елші Алексей Бородавкин Қазақстанмен қоғамдық-саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда дамып келе жатқан кең ауқымдағы ынтымақтастыққа Ресей үлкен көңіл бөлетінін айтты. Тараптар Мәжіліс төрағасының Ресейге ресми сапарына дайындық барысын, сондай-ақ Қазақстан депутаттарының Ресей Федерациясындағы Президент сайлауын бақылауға қатысуын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастық аясында дамытуға келісті.

20.11.2023

Қазақстан мен Армения депутаттарыпарламентаралық ынтымақтастық мәселелерінталқылады

Астана, 20 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжілісдепутаттары Армения ҰлттықАссамблеясының «Армения-Қазақстан» достықтобының делегациясымен кездесті. Меймандарды Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған депутаттар қарсы алды. Айгүл Құспан Қазақстан мен Армения арасындағы парламентаралық байланыс дәстүрлі түрде жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оған достық топтарымен қатар екі ел парламенттері спикерлерінің тұрақты кездесулері де ықпал етуде. Комитет төрайымы сайлау үдерістеріндегі парламенттердің жемісті жұмысына тоқталып, әріптестеріне Қазақстандағы Парламент сайлауын бақылауға қатысқандары үшін алғысын білдірді. – Қазақстан Армениямен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән береді және оны екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласында одан әрі кеңейтуге ниетті. Заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасу, тығыз әріптестік байланыс орнату елдеріміз арасындағы байланысты әрі қарайдамытуға ықпал етеді, – деді Айгүл Құспан. «Армения-Қазақстан» достық тобының жетекшісі Вагаршак Акобян Арменияның Ұлттық ассамблеясы екіжақты форматта да, халықаралық платформалар арқылы да Қазақстан Парламентімен белсенді және тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. – Қазақстан – Арменияның маңызды стратегиялық серіктесі. Бізді ортақ тарих біріктіреді. Елдеріміздің қарқынды дамуы үшін күш салуға дайынбыз. Жылы қарсы алғандарыңызға рахмет, бүгін Мәжіліске келгенімізге өте қуаныштымыз, – деді Вагаршак Акобян. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселесіне де тоқталды. Бүгінде Қазақстанда экономиканың түрлі саласында Армения капиталының қатысуымен 340-тан астам компания мен 76 Қазақстан-Армян бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Сондай-ақ депутаттар екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың маңызды бөлігі ретінде мәдени-гуманитарлық бағытқа да назар аударды. Отырысқа Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров, Мұрат Ергешбаев, Тілектес Адамбеков, Аян Зейнуллин, Асхат Рахымжанов ГауҺар Танашева, Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондян менделегацияның басқа да мүшелері қатысты. Талқылау нәтижесінде тараптар сауда-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға, достық топтары мен комитеттер аясында бірлесіп жұмыс істейтін болады.

16.11.2023

Мәжілісте Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастық бағыттары талқыланды

Астана, 16 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттары Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның жетекшілігімен Индонезия Республикасы Халықтық консультативтік конгресі ҚХА Парламентаралық ынтымақтастық комитетінің делегациясымен кездесті. Айгүл Құспан Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Тараптардың ұстанымдары ядролық қарусыздану және оны таратпау, конфессияаралық диалогты қолдау, тұрақты дамуға қол жеткізу жөніндегі міндеттеме секілді халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сәйкес келеді. – Сіздің сапарыңыз екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға септігін тигізетініне сенімдіміз. Қазақстан Индонезиямен өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі, – деді А.Құспан. Комитет басшысы екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыс ынтымақтастықты тереңдетуде ерекше рөл атқаратынын айтты. Осыған байланысты ол мықты құқықтық база құруды ұсынды. Инвестицияларды өзара қорғау мен ынталандыру, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерге қол қою екі ел үшін бизнес саласының іргелі негізі екеніне назар аударды. Өз кезегінде Индонезия делегациясының басшысы Гиланг Диелафарарес Индонезия халықтық консультативтік конгресі атынан Қазақстан Парламентіне пікір және тәжірибе алмасу құралы ретінде осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Оның екіжақты қарым-қатынасты парламенттік дипломатия арқылы нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Талқылауға Мәжілістегі Қазақстан-Индонезия достық тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанов, сондай-ақ Айдос Сарым, Еркебұлан Мәмбетов және Ерлан Әбдиев қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономика және туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, парламентаралық топтар, мамандандырылған комитеттер, сондай-ақ көпжақты платформалар арқылы белсене өзара іс-әрекет жасауға келісті.

15.11.2023

Орталық Азия депутаттары Брюссельде әйелдер құқықтарын кеңейту мәселесін талқылады

Брюссель, 15 қараша. Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогы делегациясымен Брюссельге барды. Сапар барысында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін жүзеге асырумен, экономикалық жағдай және Еуропалық Одақтағы әйелдердің құқықтарын кеңейтумен айналысатын азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер өтті. Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогы делегациясының құрамына өңірдегі барлық елдің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өкілдері кірді. Сапар аясында «Еуропалық Одақ – Орталық Азия: әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтудегі ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар өз елдерінің әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік, зорлық-зомбылықпен күрес, климаттың өзгеруі және Еуропалық Одақпен парламенттік ынтымақтастық саласындағы саясаты туралы баяндама жасады. Сонымен қатар делегаттар Еуропарламенттің, Еуропалық комиссия мен Еуропалық қызмет жұмысымен танысты. Одақтың гендерлік және әралуандық жөніндегі елшісі Стелла Роннер-Грубачичпен, Еуропарламент вице-президенті Хайди Хауталамен, Еуропалық комиссияның халықаралық әріптестік жөніндегі бас директорының орынбасары Мириам Ферранмен, Бейбітшілікті нығайту жөніндегі Еуропалық байланыс бюросының директоры Соня Рэйнс-Дейвандеспен, «Әйелдер лоббиінің» жауапты хатшысы Мэри Колинзбен және т.б. кездесулер ұйымдастырылды. Бұл сапар Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терха Хакаланың қолдауымен БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадземен бірге ұйымдастырылды. Айта кетейік, Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогына биыл Қазақстан төрағалық етеді. Елімізде әйелдерді қорғау мен мүмкіндіктерін кеңейтудің түрлі бағытында аймаққа қатысты іс-шаралар жүргізілді. Қазіргі таңда Парламент Мәжілісі бірқатар тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр. Сондықтан гендерлік теңдікті заңнамалық қамтамасыз ету мен гендерлік зорлық-зомбылықпен күресу салаларындағы Еуропалық Одақ тәжірибесі қазақстандық депутаттар үшін маңызды.

13.11.2023

Қазақстан-Беларусь депутаттары ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады

Астана, 13 қараша, Мәжіліс Үйі. Парламент Мәжілісі мен Беларусь Ұлттық Жиналысы Өкілдер палатасымен ынтымақтастық тобының депутаттары Павел Казанцевтің жетекшілігімен онлайн кездесу өткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасуға арналды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа нәтижелері туралы айтып берді. – Жаңа өзгерістер Ата заңның 35 бабына әсер етті. Яғни Конституцияның үштен бірі өзгерді. Одан кейін ұлттық заңнамаға да түзетулер енгізілді. Конституциялық реформаның мақсаты қазіргі саяси жүйеге кешенді трансформация жасау болғандықтан өзгерістер ең алдымен билік форматына қатысты болды, – деді депутат. Оның пікірінше, бұл суперпрезиденттік басқару моделінен президенттік республикаға біржола көшуге, Парламенттің билік жүйесіндегі рөлін арттыруға, халықтың елді басқаруға атсалысуын кеңейтуге және азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін кеңейтуге жол ашты. Сондай-ақ депутаттар ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттарды да талқылады. Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев ауылшаруашылық техникасын өндіру бойынша өнеркәсіптік кооперация, ветеринарлық дәрілер шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру, сүт өнеркәсібі мен мал шаруашылығын дамыту, қазақстандық өнімді Беларусь нарығына жеткізу бойынша екі жаққа да тиімді ұсыныстарын ортаға салды. – Ауыл шаруашылығы техникасын қалпына келтіру және онымен отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қамтамасыз ету тәсілдері айрықша қызығушылық тудырады. Беларусь елінде арнайы ұйымдар тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, күрделі жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізеді, содан кейін оны шаруаларға жеңілдетілген бағамен береді, – деді Мәжіліс депутаты. Серік Егізбаевтың айтуынша еліміздегі машина-трактор паркінің тозуы бүгінде 80 пайызды құрайды. Сондықтан бұл мәселе – Қазақстан үшін өте маңызды. Бұдан бөлек депутаттар өнеркәсіптік кооперация, инновация мен цифрландыру, денсаулық сақтау, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

03.10.2023

Мәжіліске Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының делегациясы келді

Астана, 3 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Жер, инфрақұрылым және көлік комитеті делегациясымен кездесті. Вице-спикер Дания Еспаева төрағалық еткен жиынға «Қазақстан-Корея» достық топтарының мүшелері қатысты. Биыл Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастыққа 31 жыл толды. Осыған орай тараптар екі елдің парламентаралық байланыстағы басым бағыттарын талқылады. Дания Еспеава Кореяның Қазақстан үшін маңызды серіктес мемлекеттің бірі екенін атап өтті. – Корея Республикасы экономикасы дамыған, озық технологиялары бар әлемдегі көшбасшы елдердің қатарында. Жаһандық деңгейдегі мемлекет ретінде халықаралық аренадағы беделі жыл сайын артып жатқанына ерекше қуанамыз. Осы тұрғыда достығымыз бен өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуға ниетті екенімізді айрықша атап өткім келіп отыр, – деді вице-спикер. Өткен айда Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ұлттық Ассамблеяның төрағасы Ким Джин Пёның шақыруымен Корея Республикасына ресми сапармен барған еді. Делегация басшысы Ким Чжонг Чжэ бұл кездесуден соң тараптардың парламентаралық ынтымақтастығы одан әрі нығая түсеріне сенім білдірді. – Екі елдің экономика, өнеркәсіп саласы бойынша ынтымақтастығынан зор үміт күтеміз. БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында Корея мен Қазақстан басшылары кездескен болатын. Осы кездесу барысында инфрақұрылым және өндіріс салаларындағы байланысты дамытуға келіскені қуантарлық жайт, – деді Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Жер, инфрақұрылым және көлік комитеті төрағасының орынбасары Ким Чжонг Чжэ. Қазақстан тарапы әріптестерін Корея ұлттық күнімен құттықтап, өркендеу жолында толайым табыс тіледі. Жиында тараптар достық топтары мен комитеттер деңгейіндегі байланысты одан әрі нығайтуға келісті. Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Ж.Жұмабеков.

19.09.2023

Мәжіліс Төрағасы «Орталық Азия – Корея Республикасы» парламент спикерлерінің І кеңесінде сөз сөйледі

Сеул, 19 қыркүйек. Палата төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс депутаттары Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі парламент спикерлерінің I кеңесіне қатысты. Іс-шарада Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері сөз сөйледі. Ерлан Қошанов Қазақстан делегациясының атынан Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Ким Чжин Пхёге саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол Орталық Азия елдерімен жан-жақты ықпалдастықты арттыру және өңірдің әлеуетін нығайту Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі екенін атап өтті. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдық Орталық Азия өңірі үшін маңызды кезеңге айналады деп санайды. Бұл ретте бізге өз экономикалық мүмкіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барынша пайдалану өте маңызды, – деді Ерлан Қошанов. Кездесудің негізгі отырысы Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың басымдықтарына арналды. Мәжіліс спикері өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мәселенің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан парламентшілері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты. – Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс төрағасы қазірдің өзінде Орталық Азия тұрғындары Арал теңізінің экологиялық апатының, мұздықтардың еруі және жердің тозуының теріс әсерін сезініп отырғанын атап өтті. Осы орайда Ерлан Қошанов корейлік жетекші мамандармен тәжірибе алмасуға шақырды. Талқылау арнаулы екі сессияда әрі қарай жалғасын тапты. Қатысушылар Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы үздіксіз өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен цифрлық трансформация саласындағы қарым-қатынас туралы пікір алмасты. Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының бастамасымен жуырдағы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық модельді іске асыруға Қазақстанның кіріскенін атап өтті. Мұнда біздің еліміз Корея Республикасымен инновация, жасыл технологиялар, энергетика, өнеркәсіптік өндіріс, IT және банк секторындағы ынтымақтастықтың зор перспективаларын аңғарып отыр. Сөз соңында Ерлан Қошанов қазіргі уақытта Орталық Азия өңірінде экономика, саясат және мәдени байланыстар қарқынды дамып жатқанына назар аударды. Мұның бәрі Корея Республикасымен өңірлік ықпалдастықты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Іс-шара қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының «Болашаққа бағдарланған өзара тиімді қатынастарды дамыту» тақырыбындағы алғашқы кездесуінің бірлескен декларациясы қабылданды.