Лихтенштейнге жасалған іс-сапар
ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Д. Назарбаева бастаған қазақстандық Парламент өкілдері іс-сапармен Лихтенштейн Князьдігінің Вадуц қаласында болды. Сапар аясында Лихтенштейн Ландтага (Парламент) төрағасы Альберт Фрикпен және Лихтенштейн жоғары мәртебелі князі Ханс – Адам II кездесу өтті. Тараптар халықаралық саясат төңірегіндегі өзекті сұрақтарды талқылай отырып, Қазақстан мен Лихтенштейн Князьдігі арасындағы байланысты, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету жағдайларын сөз етті. Қазақстандық делегация әсіресе, әлеуметтік қорғау, соның ішінде медициналық сақтандыру, сондай-ақ, денсаулық сақтау және білім салаларындағы әдіс-тәсілге ерекше қызығушылық білдірді. Лихтенштейн жоғары мәртебелі князі Ханс – Адам II жүздесу барысында делегация жетекшісі 2017-2018 жылдарға Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжытуға қатысты ҚР Президентінің жолдауын табыс етті. Дариға Назарбаева Қазақстанның аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, ядролық қарусыздану және таратпау, мәдениаралық және дінаралық үнқатысуды қолдау әрі дамыту жолындағы белсенді іс-қимылдарына назар аударып, Ауғанстанға жасалып жатқан гуманитарлық және техникалық көмектерді сөз етті. Кездесу иелері сондай-ақ, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдау аясында сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге көңіл бөлді. Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Г. Иксанова және В. Рогалев бар.МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ГФР БУНДЕСТАГЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Егор Каппель мен Төлеш Кенжин Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының депутаттары Хартмут Кошик және Генрих Цертикпен кездесті. Тараптар қазақстан-герман ынтымақтастығы мен парламентаралық байланыстар мәселесін талқылады. Мәжіліс депутаттары германия тарапын ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысуға шақырды. ГФР Федералдық үкіметінің аз ұлттар мен көші-қон мәселесі бойынша өкілі Кошик мырза Қазақстан-Германия Үкіметаралық комиссияның этникалық немістер мәселесі бойынша жұмыстары жайынан сөз қозғады. Жүздесушілер Қазақстанда тұрып жатқан этникалық немістерді екі ел арасындағы «байланыстырушы көпірге» айналып отыр деген тоқтамға келді. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар мен парламентаралық ынтымақтастықтың жарқын болашағын да талқылады. Кездесуге ГФР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Г.Херц пен елшіліктің бірінші хатшысы Д.Крамер қатысты.МӘЖІЛІС ПЕН ЖОГОРКУ КЕНЕШ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Астана. 30-қаңтар. Мәжіліс үйі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М. Әшімбаевтың Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Э. Омуралиевпен кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан мен Қырғызстанның заңнамалық органдары арасындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ, 2014-жылы қыркүйек айында Бішкекте өткен Жогорку Кенеш пен Мәжіліс арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссиясының төртінші жиын қорытындысы бойынша келісімдердің жүзеге асырылу барысы жөніндегі маңызды мәселелерді талқылады.МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ҚЫТАЙ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ
Астана, 29 қаңтар, Мәжіліс үйі. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ханьхуэй Чжанды қабылдады. Мейманды біздің еліміздегі дипломатиялық жұмысының басталуымен құттықтаған Палата Спикері дипломатиялық байланыс орнаған 23 жылдың ішінде біздің елдеріміздің мемлекетаралық қарым-қатынастың жарқын үлгісін қалыптастырғанын сөз етті. Бұл ең алдымен Қазақстан мен Қытай басшылары арасындағы тиімді үнқатысудың нәтижесі. Сауда-экономикалық байланысты нығайту жайын сөз еткенде Мәжіліс Төрағасы Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда әріптесі екенін атап өтті. Біздің еліміздің жалпы тауар айналымында екі жақты тауар айналымының үлесі 20% артты. Палата Спикерінің пікірінше, әсіресе, көліктік-транзиттік саланың әлеуеті зор. Ал, ағымдағы жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік магистральінің қазақстандық аумағының іске қосылуы тағы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Тараптар парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз еткенде депутаттық топтардың, бейінді комитеттердің, жалпы екі ел парламенттерінің арасындағы байланысқа айрықша назар аударды. Осыған байланысты Мәжіліс Спикері Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты Комитетінің төрағасы Чжан Дэцзянға біздің елімізге іс-сапармен келуі үшін шақыру жолдады. Өз кезегінде елші біздің мемлекеттің жетістіктеріне жоғары баға беріп, Пекин үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең маңызды әріптестің бірі саналатынын айтып, алдағы уақытта да барлық байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Дипломат: - Тұрақты әрі гүлденген Қазақстан Қытайдың негізгі мүдделеріне сай келеді,-деді.Қазақстан Парламенті өкілдерінің Германияға және Лихтенштейнға іс-сапары
Ағымдағы жылдың 28-қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева бастаған қазақстандық делегацияның Германияға және Лихтенштейн Князьдігіне сапары басталды. Сапардың негізгі мақсаты - 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын жылжыту, сондай-ақ, екі ел арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылдың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылау. Бағдарлама аясында Берлинде Бундестаг Төрағасының орынбасары Йоханнес Зингхаммермен және Берлин Сенатының спикері Ральф Виландпен және Бундестаг депутаттары –Санфред Грунд бастаған «Германия – Орталық Азия» достық парламенттік топ мүшелерімен кездесу өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның парламентаралық байланыстарын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Осы ретте тараптар 90-жылдары тарихи Отанына оралған этникалық неміс азаматтарының «біздің елдеріміздің арасын байланыстыратын көпір» екендігі айтылды. Әсіресе, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарға назар аударылды. Германиялық тарап Қазақстанның «тек Орталық Азияда емес, жалпы Азия аумағында тұрақтылық кемесі» бола жүріп, ғаламдық саясаттың ең жауапты жерлерінде қомақты тәжірибе жинап, халықаралық қатынас алаңында маңызды елге айналғанын айтуда. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты дәнекерлік рөліне аса жоғары баға бере отырып, өз тараптарынан Минск келісімдерін жүзеге асыру аясында жанжалды бейбіт жолмен шешу үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыратынына сендірді. Ал, ГФР Сыртқы істер министрлігінің статс-хатшысы Маркус Эдерермен кездесуінде Дариға Назарбаева ҚР Президентінің 2017-2018 жылдарға Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне жылжыту мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі ретінде Германия Канцлері А.Меркельдің атына Елбасының жолдауын табыс етті. Делегация басшысы кездесу иелерін Қазақстанның аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар етті. Осы ретте ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ, АӨСШК және ЕҚЫҰ аясындағы белсенді іс-қимылдарға назар аударылды. Д. Назарбаева Қазақстан тарапынан Ауғанстанға жасалып жатқан гуманитарлық және техникалық көмектерді де сөз етті. Айта кетерлігі, 2010-жылдан бері мыңдаған студенттердің Қазақстан жоғары оқу орындарында еркін білім алуына жол ашқан білім бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазақстанның мәдениаралық және дінаралық үнқатысуды қолдау әрі дамыту жолындағы қосып жатқан үлесі де жан-жақты баяндалды. Д. Назарбаева Германияның қоғамдық-саяси және іскер топтар өкілдерімен кездесуінде Елбасының өткен жылдың қараша айындағы «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттарына және елдегі инвестициялық климатқа тоқталды. Тараптар екі ел арасында, соның ішінде Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Ал, бүгін, яғни 29 қаңтарда «Болашақ» бағдарламасы арқылы Германияда білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары Г. Иксанова және В. Рогалев бар.МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ БЕРЛИНДЕ ӨТКЕН «ЖАСЫЛ АПТА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
Астана, 27 қаңтар. Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаты, Палатаның Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ромин Мадинов, Светлана Қадралиева, Роман Ким және Рауан Шаекин 16-21 қаңтар аралығында Берлинде жыл сайынғы өтетін «Жасыл апта» халықаралық көрмесіне қатысты. Германия канцлері А.Меркель қатысқан көрменің салтанатты ашылуына Қазақстандық парламенттік делегация арнайы шақырылған. Сапар барысында қазақстандық депутаттар Германияның ауылшаруашылық министрлігінің статс-секретары Роберт Клас және Германия Бундестагының аграрлық комитетінің төрағасы Гит Конеманмен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы саласы мен агроөндірістік кешеннің екіжақты ынтымақтастықты ұлғайтудың өзекті мәселелерін талқылады. Мәжіліс депутаттары әңгіме барысында неміс әріптестерінің қызығушылығын туғызған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясатының негізгі ережелері жайында айтып берді. Бағдарлама шеңберінде қазақстандық қатысушылар үшін «Barnstadte» и «Raiffeisen» аграрлық кооперативтерін көру ұйымдастырылды. Депутаттар фермерлік шаруашылық саласын дамытуға енгізілген жаңа неміс технологияларымен танысты.Қ.ЖАҚЫПОВ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРООДАҚ ТЕҢ ҚҰҚЫЛЫ ӘРІ ӨЗАРА ТИІМДІ ӘРІПТЕСТЕР
Астана, 22 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Еуропарламент делегациясының басшысы Ивета Григуле қазақстандық-еуропалық өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Бұл Ивета Григуленің жаңа қызметінде Қазақстанға алғашқы келуі. Қабиболла Жақыпов аталған бағыт біздің еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін алға тарта келіп, Қазақстан Президентінің сан қырлы саясаты әлемнің көптеген елдерімен ынтымақтастық орнатуға айқын жол ашатынын атап өтті. Ивета Григуле Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық үдерісіне өте жоғары баға берді. Оның айтуынша біздің елде әрбір адамның, жалпы алғанда бүкіл қоғамның әл-ауқатын көтеруге айрықша көңіл бөлінген. Бүгінгі күні Еуроодақ Қазақстанның барлық саладағы ірі әріптесінің бірі. Мәртебелі мейманның атап өткеніндей, адамдар арасында сенімділік қарым-қатынасты орнату мен дамыту өте маңызды, ол жалпы мемлекет табысының жарқын кепілі. Мәжіліс Спикері өз кезегінде Елбасы саясатының арқасында жыл санап нығайып келе жатқан қазақстандық қоғамның толеранттылық үлгісіне көңіл бөлді. Кездесу барысында Қазақстан мен Еуродақ арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялық тартымдылық, транзиттік-көліктік әлеует, сондай-ақ, парламентаралық қарым-қатынас сынды ауқымды сұрақтар әңгімеге арқау болды. Қабиболла Жақыпов делегация мүшелеріне Мәжіліс қызметі туралы, елдің заңнамалық базасын жетілдіру жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді. Парламентаралық қарым-қатынасты тереңдету қажеттігін айтқан Ивета Григуле Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі делегациямен байланысты кеңейту мақсатында қазақстандық депутаттарды Еуропарламентке шақырды.МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Д. НАЗАРБАЕВА ГФР ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Астана, 21 қаңтар. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева ГФР-ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херцпен кездесті. Елшімен әңгіме барысында Мәжілістің парламенттік делегациясының жақын уақытта Германияға жасайтын іс-сапар жайы талқыланды. Сапар мақсаты – Германия федералдық канцлері А. Меркельге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерлетуге қатысты жолдауын табыс ету. Вице-спикер алдағы іс-сапардың маңыздылығына көңіл бөле келіп, Германия мен Қазақстанның жақын әрі сенімді әріптестер екенін атап өтті. Біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасы тұрақты саяси үнқатысу, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жүйелі кеңейту жолында дамып келеді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі нығайту да назардан тыс қалмады. Дариға Назарбаева: - Ғаламдық қауіпсіздік мәселелерінде, әріптестік, достық қатынасты, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда өзара іс-қимылды дамытуда біздің елдеріміздің ортақ көзқарасы бар. Олардың барлығын Германияға сапарымыз барысында және делегация бағдарламасында белгіленген кездесулер кезінде талқылайтын боламыз,-деді. Өз кезегінде елші Германияның Қазақстанның маңызды халықаралық бастамаларын қолдайтынын және біздің елімізбен ықпалдастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендігін алға тартты. Кездесу иелері әріптестік басымдықты сөз етіп, екі ел арасындағы байланысты, соның ішінде, парламентаралық дипломатияны жаңа белеске көтеру қажеттілігін атап өтті. Кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев та қатысты.ҚАЗАҚСТАН ПАРЛМЕНТШІЛЕРІ ТҮРКПА ЖАҢА КОМИССИЯСЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСҚА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
Астана, 13 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған Қазақстан Парламентішлері Бакуде өтіп жатқан ТүркПА 5-пленарлық отырысы барысында Ассамблея комиссиясын қайта құру туралы ұсынысты қолдады. Қабиболла Жақыпов ТүркПА-ның өзекті тақырыптар мен ғаламдық сын-қатерлерге сай болу қажеттігін айта келіп, Ассамблеяның институционалдық дамуына айрықша назар аударды. Жаңашылдық қолданыстағы 4 комиссияның үшеуіне тікелей қатысты болмақ. Енді халықаралық қарым-қатынас және құқықтық мәселелер бірыңғай Комиссия аясында қаралады. Экономика, сауда және қаржы мәселелері толықтай Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия еншісінде. Қосымша тағы да Экология және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия құрылуда. Ал, Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссияға өзгеріс енгізілмейді. Мәжіліс Спикерінің атап өткеніндей, ғажайып Каспий теңізі экосаланы сақтау, сондай-ақ, трансшекаралық өзендерді пайдалану экология және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ. Одан әрі Қабиболла Жақыпов: - Баламалы және жаңғыртылатын энергия көздеріне арналған «Болашақ энергиясы» тақырыбында 2017-жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу қарсаңында Астанада осы тақырыпқа қатысты аталған комиссияның отырысын өткізген дұрыс болар еді,-деді. Пленарлық жиында сондай-ақ, комиссиялар төрағалары сайланды. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияны Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікжан Қанаев басқаратын болды. Ал, мәжілісмен Нұрлан Әбдіров халықаралық қарым-қатынас және құқықтық мәселелер жөніндегі Комиссия төрағасының орынбасары. Жиын барысында аталған ұйымға кіретін елдер парламентшілері Венгрия Мемлекеттік жиналысына ТүркПА-да бақылаушы мәртебесін ұсыну мүмкіндігін де сөз етті. Жиын қорытындысы бойынша Баку декларациясы қабылданды. ТүркПА-ның 6-пленарлық отырысы келер жылы маусым айында Астанада өтеді.Қ. ЖАҚЫПОВ ТҮРКПА-ға ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АЗИЯДА ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЙЫМ ҚҰРУ ТУРАЛЫ ИДЕЯСЫН ҚОЛДАУҒА ҰСЫНЫС ЖАСАДЫ
Астана, 13 маусым. Мәжіліс үйі. Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының 5-пленарлық отырысында сөз алған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Солардың бірі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шанхайда өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 4-саммитінде АӨСШК негізінде Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құру туралы идеясын қолдауға қатысты болды. Қабиболла Жақыпов: - Аталған ұйым Азия кеңістігіндегі бейбіт даму үдерісін қамтамасыз етуде маңызды құралдардың біріне айналары сөзсіз. Сондықтан біздің Ассамблеяның осы бастаманы қолдап, өз ұсынысын енгізетініне сенім зор,-деді. Мәжіліс Спикері сондай-ақ, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия елдері парламентшілерінің түркітілдес елдер жастарының білім саласына қатысты көтерген сұрақтарына да назар аударды. Қабиболла Жақыпов, ТүркПА ықпалын одан әрі күшейтудің маңыздылығын сөз ете келіп: - біздің елдеріміз парламенттері ынтымақтастығының ұзақмерзімді стратгеиясы қажет. Осы жолда «Түркітілдес елдер парламенттері ынтымақтастығын дамытудың жол картасын» әзірлегеніміз жөн болар еді. Онда көпжақты ынтымақтастықтан басқа, біздің заңнамаларымызды одан әрі үйлестіруге бағытталған жеке тараулар болады,-деді Мәжіліс Төрағасы.Қ.ЖАҚЫПОВ: ТүркПА АЯСЫНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТТІК ЫҚПАЛДАСТЫҚ - МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ НЫҒАЙТУ
Астана, 12 маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Бакуде басталған Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы шаралары аясында қазақстандық парламентшілер делегациясының басшысы, Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Джемиль Чичекпен кездесті. Тараптар халықаралық бірлестіктер аясында етене ынтымақтастық пен өзара қолдаудың елдер арасындағы стратегиялық қатынаспен сәйкес келетінін алға тарта отырып, өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің жаңа қырларын сөз етті. Қабиболла Жақыпов Қазақстанның халықаралық бастамаларына, соның ішінде, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркия тарапына алғысын білдірді. Өз кезегінде Джемиль Чичек Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағытының мойындалғандығын, ол біздің елдерімізді одан әрі қарқынды дамытуға ықпал ететінін айта келіп, қазақстандық –түріктік ынтымақтастықтың тек екі ел ғана емес, бүкіл түркітілдес мемлекеттер үшін тиімділігінің зор екенін атап өтті. Ол Түркия келешекте де Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал, парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз еткенде Қабиболла Жақыпов өткен жылы Анкарада қол қойылған Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы мен Қазақстан Парламенті Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығына тоқталды. Қабиболла Жақыпов Түркияның ТүркПА төрағалығына жоғары баға бере келіп, алдағы уақытта да түркітілдес елдер арасындағы парламентаралық ықпалдастыққа қатысты әр салада түрлі шараларды өткізудің дәстүрге айналатынын және оны ұйымға мүше барлық мемлекеттердің қолдайтынын жеткізді.Қ. ЖАҚЫПОВ ПЕН А.ЖЭЭНБЕКОВПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Астана, 12 маусым. Мәжіліс үйі. Бакуде Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы шаралары аясында (ТүркПА) Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Қырғызстан Жогорку Кенешінің Спикері Асылбек Жээнбеков парламентаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Қабиболла Жақыпов одан әрі қарқынды даму жолында қажетті заңнамалық құжаттарды қабылдаудың маңыздылығына назар аударды. Ол ең алдымен, экономика, сауда, сондай-ақ, инвестициялық салаға тікелей қатысты болмақ. Кездесу иелері Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына дайындық мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. А. Жээнбеков: -Қазақстанның ЕЭО және КО мүше болуының біз үшін маңыздылығы зор. Өйткені, Қырғызстан тек осы бағытта ғана емес, сонымен қатар, қазақстандық инвестицияны ұлғайту тарапынан да Қазақстанның қолдауына сенеді. Себебі, біздің нарық басқалардан гөрі тамыры, тарихы бір қазақстандық инвесторларға көбірек түсінікті әрі жақын-деді.МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ: ТҮРКПА БІЗДІҢ ЕЛДЕРІМІЗДІҢ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Астана, 12 маусым. Мәжіліс үйі. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов пен ӘзербайжанМилли Меджлисінің төрағасы Октай Асадов екі елдің заң шығарушы ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың болашағын сөз етті. Қ.Жақыпов әріптесін ТүркПА төрағалығының Әзербайжан еліне өтуімен құттықтай келе, ұйымның елеулі еңбегі алдағы уақытта да түркітілдес елдер халықтарының игілігін арттыруға бағытталатынына сенім білдірді. Өз кезегінде О. Асадов екі мемлекет басшыларының тұрақты байланысының арқасында дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстан мен Әзербайжан елдері арасындағы өзара түсіністікке жоғары баға берді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын алға тарта отырып, Астананың таңқаларлықтай даму қарқынын сөз етті. Ал, ТүркПА жайында О. Асадов түркітілдес елдердің тұрақты даму мүмкіндігінің зор екенін, ең бастысы – бірлік екенін айта келіп: - Біздің Парламенттік Ассамблея бауырлас халықтардың бірлігін күшейтуге зор үлес қосады,-деді. Тараптардың атап өткеніндей, мұнай және газ тасымалдау бойынша бірлескен жобалар аясында инвестициялық саланы, ауылшаруашылығын, көлік және коммуникацияны дамыту бауырлас елдер арасындағы ықпалдастықты күшейтудің басым бағыттары болып саналады.Қазақстан парламентшілері ТүркПА шараларына қатысады.
Астана, 10 мамыр. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған парламенттік делегация мамыр айының 12-13 аралығында Әзербайжанның Баку қаласында өтетін Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) шараларына қатысады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған түркі елдерінің парламенттік бірлестігінің құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдері кіреді. ТүркПА-ның алдағы жиыны Бодрумда өткен Түркітілдес елдер ынтымақтастығы Кеңесінің 4-Саммитінде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асырудың нақты қадамдарын талқылау қажеттілігімен маңызды болмақ. Бағдарлама аясында ТүркПА Кеңесінің жиналысымен қатар, ұйымның 5 пленарлық сессиясы жоспарланып отыр. Шара барысында халықаралық қатынас, экономика, сауда, қаржы, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер талқыланады. Сонымен қатар, ТүркПА комиссиясын қайта құру, олардың төрағаларын сайлау көзделген. Сондай-ақ, Қабиболла Жақыповтың ТүркПА құрамына кіретін елдер парламенттерінің басшыларымен екіжақты кездесулері межеленген. ТүркПА-ның пленарлық жиынының нәтижесі бойынша Баку декларациясы қорытынды құжатын қабылдау қарастырылуда.МӘЖІЛІС - ЕҚЫҰ ПА СЫНДАРЛЫ ҮНҚАТЫСУ
Астана, 9 маусым. Мәжіліс үйі. Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы адам құқығы, демократия және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Исабель Сантушпен (Португалия) кездесті. Тараптар парламенттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту жағдайларын сөз ете келіп, оны нығайту мен тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Кездесу иелерінің айтуынша ол заң шығармашылық үрдісінде оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Жүздесу барысында әсіресе, қылмыстық атқару жүйесінің ерекшеліктеріне айрықша көңіл бөлінді. Сонымен қатар, демократияны дамыту, адам құқын қорғау және сөз бостандығы мәселелеріне қатысты парламенттер арасындағы сындарлы үнқатысуды одан әрі жалғастыру назардан тыс қалмады. Кездесуге сондай-ақ, ЕҚЫҰ ПА адам құқығы, демократия және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова және Айгүл Соловьева қатысты.ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ КУБАНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Астана, 30 мамыр. Мәжіліс Үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Кубаның Қазақстандағы Төтенше және Толық Өкілетті Елшісі Карлос Энрике Вальдес Де Ла Консепсионды қабылдады. Сұхбаттастар қазақстан-куба ынтымақтастығы мәселелерінің кең ауқымын талқылап, денсаулық сақтау, туризм, спорт салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін перспективалы бағыт ретінде атап өтті. Қабиболла Жақыпов Мәжіліс қызметі туралы айта келіп, депутаттық корпустың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кіргізу жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін жүргізіп жатқан заң шығару жұмысына баса мән берді. Өз кезегінде Карлос Энрике Вальдес Де Ла Консепсион Қазақстанның ел Президенті басшылығымен қол жеткізген табыстарын жоғары бағалады. Бұл ретте елші біздің елімізде «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген мақсаттарға жету үшін толық мүмкіндік бар екеніне сенім білдірді. Қ. Жақыпов және К. Вальдес Де Ла Консепсион қазақстан-куба қатынастарын дамытуға парламентаралық байланыстарды нығайту да өз ықпалын тигізетіні туралы ортақ пікір білдірді.Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Халықаралық Көші-қон Ұйымының Оңтүстік-Шығыс, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша аймақтық директоры Рената Хельдпен кездесті.
Қ.Сұлтанов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша Комиссияның төрағасы ретінде аталған Комиссияның Халықаралық Көші-қон Ұйымымен бірлескен қызметі жөнінде айтып берді. Р.Хельд Халықаралық Көші-қон Ұйымының Қазақстан мен Орта Азия елдерімен белсенді ынтымақтастығы мен әсіресе, адам саудасымен күрес бойынша әзірлеген бірлескен Баяндамасына ризашылығын білдірді. Кездесуге Халықаралық Көші-қон Ұйымы өкілдігінің басшысы Деян Кесерович пен Комиссия Хатшысы Тастемір Әбішев қатысты.Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева VII Астана экономикалық форумына келген Ауғанстан Ислам Республикасының әйелдер ісі бойынша министрі Хусн Бану Газанфармен кездесті.
Мәжілістің вице-спикері Ауғанстанда Президент сайлауының бірінші кезеңі табысты өткенімен құттықтап, осы сайлау ел өмірінің алдағы тұрақтылығының жаңа кезеңі болатынына сенім білдірді. Дариға Назарбаева сонымен қатар, Қазақстан Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнағанын қолдайтынын және екі ел арасындағы достық байланыстардың жалғасын табуы үшін әрекет ететінін атап өтті. Сондай-ақ, Мәжілістің вице-спикерінің айтуынша ауған қоғамы үшін Ауғанстан жастарының білім алу бағдарламасы ерекше орын алатын көрінеді. - Бұл ағарту жобасына Қазақстан Президентінің тапсырмасымен 50 миллион доллар бөлініп, жүзеге асырылып отыр. Ауған жастары медициналық, техникалық және арнайы білім алып шығуына мүмкіндік туғызады,- деді Дариға Назарбаева. Өз кезегінде Хусн Бану Газанфар біздің Мемлекеттің Басшысына Ауғанстанның бейбіт дамуына әсер етіп, қолдап отырғандығы үшін алғысын айтып, білім беру бағдарламасының елі үшін маңызына тоқталды. Тараптар әңгіме барысында Орталық Азия елдері әйелдерінің аймақ мемлекеттерінің өзара байланысында, соның ішінде экономикалық байланысты нығайтудағы орнына ерекше назар аударды. Мәжіліс Төрағасының орынбасары қазақстандық әйелдердің елміз дамуының өркендеуіне, әсіресе, Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қосқан үлесіне тоқталды. Ауғанстанның Әйелдер ісі бойынша министрі біздің еліміздің тәжірибесі, әсіресе, әлеуметтік саладағы және әйелдердің кәсіпкерлікке араласуының Ауғанстан үшін маңызын атап өтті. Дариға Назарбаева парламентаралық байланыстар жайында сөз қозғағанда, Ауғанстанда парламентаризмді дамыту қажеттігіне назар аудартты. Сонымен бірге Мәжілістің вице-спикері ауғандық депутат-әйелдердің жетістігін, Ауған парламентінде саны үнемі өсіп, бүгінде 28 % жеткенін атап өтті. Д. Назарбаева мен Х. Газанфар Қазақстан мен Ауғанстан парламентшілерінің, оның ішінде әйел-депутаттар арасындағы байланыстар екіжақты ынтымақтастықты ұлғайтуға орасан үлес қосатындығы жөнінен бір пікірде болды.Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулин Мәжілістің шақыруымен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Финляндия парламентінің төрағасы Ээро Хейнялуомамен кездесті.
Тараптардың атап өткеніндей, қос мемлекет – сыртқы саяси және экономикалық маңызды әріптестер.Екі ел басшыларының етене байланыстары да екі жақты қарым-қатынасты одан әрі қарқынды дамытуға деген құлшыныстың айқын көрсеткіші. Өзара ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының қатарында инновация, «жасыл экономика», білім, сондай-ақ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі басқа да халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар аясында белсенді іс-қимылды атап өтуге болады. Мәжіліс Төрағасы: - біздің елдеріміздің «жасыл көпір» бағдарламасы шеңберіндегі ықпалдастығы «жасыл» технологиялар саласындағы өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі бола алады. Біз финдік әріптестеріміз қазақстандық бастамаға қолдау көрсетіп, «Жасыл көпір» әріптестігі бағдарламасы туралы Хартияға қосылады деп есептейміз,-деді. Қазақстанның болашақ дамуы туралы айтқанда Нұрлан Нығматулин Елбасының «Қазақстан – 2050 Стратегиясын» жүзеге асыру асыл мұраттарға жету жолында барша қазақстандықтарды біріктіргенін атап өтті. Өз кезегінде Ээро Хейнялуома, Қазақстанның аймақтағы және әлемдік аренадағы рөлін жоғары бағалай келіп, біздің еліміз жетістіктері, сондай-ақ Қазақстан дамуындағы тұрақтылық дүниежүзі елдері үшін үлгі екендігін айтты. Бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті нығайту мәселесін сөз еткенде Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық антиядролық бастамаларының маңыздылығына тоқталды. Ол бастамалар халықаралық қауымдастықта біздің еліміз жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді. - Қазақстан Еуроодақтың қауіпсіздік мәселесі жөнінде Еуроодақ – Орталық Азия жоғары деңгейлі Үнқатысу құру бастамасын қолдады және оның дамуына барынша ықпал етуге дайын,-деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс Спикері сондай-ақ, қазақстандық парламентшілердің Таяу Шығыста ядролық қарудан және жаппай қырып жоятын қарудан азат аймақ құру туралы халықаралық конференцияға қатысуға дайын екенін жеткізді. Шара Хельсинки қаласында өтеді деп жоспарланған. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Қазақстан үшін негізгі басымдықтардың бірі – еуропалық құқықтық кеңістікке қосылу болып табылады. Осыған орай екі ел спикерлері парламентаралық қарым-қатынасқа айрықша назар аударды. Оны дамытуға қос мемлекеттің заңнамалық органдарында құрылған ынтымақтастық жөніндегі топтар өз әсерін тигізбек. Нұрлан Нығматулин мен Ээро Хейнялуоманың атап өткеніндей, өзара іс-қимылды күшейту үшін фракциялар мен комитеттер арасында берік байланыс орнату айрышқа рөл атқармақ. Мәжіліс Төрағасы: - финдік әріптестеріміздің инновациялық дамуды заңнамалық қамтамасыз ету, білім жүйесін жетілдіру, экономикаға «экологиялық» көзқарас саласындағы тәжірибелері біздің ерекше назарымызда. Біз ЕҚЫҰ ПА, Парламентаралық Одақ сынды басқа да халықаралық парламенттік ұйымдар аясында бір-біріміздің бастамаларымызды өзара қолдау мүмкіндігіміз зор,-деп атап өтті. Кездесу соңында Мәжіліс Спикері Финляндия Парламенті Төрағасының сапары екі ел парламенттері арасындағы саяси үнқатысу мен өзара түсіністікті орнықтыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Ээро Хейнялуома қазақстандық әріптестеріне тілектестігін білдіріп, парламенттердің екі ел халықтары арасындағы достықты мығым етуге өз үлестерін қоса алатындығын сеніммен айтты.Әзірбайжанда ресми сапармен жүрген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Баку мемлекеттік университеті профессорлық- оқытушылық құраммен және студенттермен кездесті.
Жүздесу барысында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму болашағы, Елбасының Жолдауы, сондай-ақ, қазақстандық-әзірбайжандық ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері назарға алынды. Нұрлан Нығматулин Қазақстан үшін Әзірбайжанмен қарым-қатынасты достық, татукөршілік және стратегиялық әріптестік деңгейінде дамыту Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Парламент Мәжілісінің заң шығармашылық жұмысы да тілге тиек етіліп, әсіресе, Елбасы Жолдауын тиімді жүзеге асыруға бағытталған заң жобаларына назар аударылды. Қос ел байланысының әлеуетіне тоқталған Мәжіліс Спикері мұнай-газ, өндірістік сектор, логистика, ауылшаруашылығы саласында өзара іс-қимылды жетілдіру керектігін алға тартты. - біздің бауырлас елдеріміздің сенімді және үдемелі дамуы екіжақты әріптестіктің табысты нығаюы мен біздің елдеріміз арасындағы өзара тиімді интеграцияға тың серпін беретін болады,- деді Нұрлан Нығматулин. Жиналғандар Қазақстан Президентінің Жолдауына аса қызығушылық танытты. Мәселен, Г. Әлиев атындағы «Әзірбайжан - Қазақстан» республикалық достық қоғамының президенті Эльдар Гюнайдын, - Қазақстан Президентінің Каспий аймағына қатысты мәселелердің барлығын қамтығаны өте маңызды. Меніңше, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына жетеді. Біз сіздердің елдеріңіздің жетістіктері үшін мақтанамыз және алдағы уақытта да игілік пен гүлдену тілейміз,-деп ағынан жарылды. Одан әрі Мәжіліс Спикері бірнеше жыл бұрын универиситетте ашылған Абай атындағы қазақ тілі, тарих және мәдениет орталығы тынысымен танысты. Бұл жерде студенттер барлық танымдық құралдарды пайдалана отырып, адамзат ғұламасы атанған Ұлы Абайдың шығармашылығымен танысады. Баку мемлекеттік университеті тарих факультетінің түрік халықтарының тарихы кафедрасының доценті Санубар Исмайлова, -екі елдің әріптестігі стратегиялық маңызға ие. Біздің президенттеріміздің салиқалы саясатының арқасында біздің достық және татукөршілік байланысымыз әрқашанда жоғары деңгейде дамитын болады,-деген ойын ортаға сала келіп, алдағы уақытта да Қазақстан мен Әзірбайжан қарым-қатынасының нығая түсетініне сенім білдірді.