Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


21.02.2014

Бүгін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыпов Франция Ұлттық Ассамблеясының депутаты, қауіпсіздік пен ынтымақтастық бойынша Парламенттік Ассамблея Ұйымының Еуропа мен Орталық Азиядағы арнайы өкілі Тьерри Марианиді қабылдады.

Тараптар кездесу барысында халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде ынтымақтастық пен екі жақты өзара байланыс мәселелерін кең көлемде талқылады. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Қазақстан Парламенті ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Қазақстан-француз қарым-қатынасының стратегиялық серіктестік шеңберінде саяси салада ғана емес, сауда-экономикалық қатынастар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық шеңберінде де жемісті жетіліп жатқаны айтылды. - Мәдени маусымдар өткізу біздің халықтарымыздың мәдени жағынан ынтымақтаса түсуіне белгілі бір дәрежеде әсер етеді,- деді Вице-Спикер. Мәжілісмендер меймандарды Палатаның кезекті бір заң жұмысымен таныстырды. Мәжілістің 5 сайланымында Палата 183 заң жобасын мақұлдағанын мәлімдеді. Мәжілісте қаралған әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық, қылмыстық-атқарушылық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне баса назар бөлінгені айтылды. Кездесуге Мәжіліс депутаттары З,Балиева, С.Бычкова, В.Рогалев және Ю. Тимощенколар қатысты.

20.02.2014

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласына келді.

Спикер екі күндік жұмыс сапары барысында Әзірбайжан Милли Меджилисінің төрағасы Октай Асадовпен кездесіп, алдағы өзара іс-қимыл бағыттарын талқыламақ. Кездесу қорытындысында Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Әзірбайжан Милли Меджилисінің арасында ынтымақтастық туралы Келісімге қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулиннің Баку мемлекеттік университеті оқытушыларымен және студенттерімен кездесуі межеленген.

20.02.2014

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Әзірбайжан Милли Меджилисінің Спикері Октай Асадов ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды.

Екі ел парламенттерінің өзара іс-қимыл бағытының жаңа белесіне жол ашатын маңызды құжатқа Баку қаласында қос мемлекеттің заң шығарушы орган басшыларының кездесуі барысында қол қойылды. Тараптар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев арасындағы ұзақмерзімді құжаттарда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруды құқықтық жағынан қамтамасыз етуге баса назар аудара келіп, келешек өзара іс-қимылдың басым бағыттарын талқыға салды. Келісімге сәйкес, заң шығармашылық жұмысында тәжірибе алмасу жолында қос тарап, парламенттің бейіндік комитеттері арасында жүйелі іс-қимылды реттеуге, парламентаралық ұйымдар аясында үйлестірілген және келісілген мәселелерді ілгерлету жолында өзара ықпалдасуға, сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы аясында түркі бірлігін нығайтуға ықпал етпек. Нұрлан Нығматулин мен Октай Асадов қазақстандық – әзірбайжандық ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын назардан тыс қалдырмады. Кездесу иелері мемлекет басшыларының келісімдері, стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынас туралы Келісім, сонымен бірге, халықаралық және аймақтық сипаттағы өзекті сауалдар бойынша ұстанымның ұқсастығы екі жақты байланыстың үдемелі дамуына жол ашатынына сенімді. Нұрлан Нығматулин: - Әзірбайжан Қазақстанның кавказ өңіріндегі негізгі және сенімді әріптесі. Және біздің президенттеріміздің бастамасымен құрылған түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі түркі халықтарын біріктіруде маңызды рөл атқарады»-, деді. Қос Спикердің пікірінше, біздің елдеріміздің, инвестициялық салада мұнай және газ тасымалдау бойынша, ауылшаруашылығы, көлік және коммуникация, басқа да экономикалық салаларда ынтымақтастық мүмкіндігі өте зор. Аймақтық ынтымақтастықты нығайтуда Баку – Ақтау – Баку бағыты бойынша паромдық қатынас, сондай-ақ, Ақтау және Баку халықаралық теңіз сауда порттары арасында тығыз байланыс орнаған. Өзара сұхбаттың маңыздылығына тоқталған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин: - Әзірбайжан елінде өткен барлық кездесулерде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды бастамаларына ерекше назар аударатынына куә болдық. Және ол бастамалар екі елдің, соның ішінде, заң шығарушы органдар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететіні айтылды. Сондықтан да біздің Парламенттеріміз арасында арнайы Келісімге қол қойылды. Әрине, бұл Құжат біздің Елбасының және Әзірбайжан Президентінің Стратегиялық келісімдерін заң жағынан қолдауға, сонымен бірге, біздің елдеріміздің келешекте табысты дамуына үлес қосатыны сөзсіз,-деді.

13.02.2014

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рокас Бернотасты қабылдады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Литва арасындағы өзара түсіністіктің жоғары деңгейін, сондай-ақ, халықаралық және аймақтық саясаттағы өзекті тақырыптар төңірегіндегі ұстанымның ұқсастығын алға тартты. Нұрлан Нығматулин Литва Республикасына 2014-2015 жыл аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде жұмысқа кірісуіне байланысты өз құттықтауын жеткізді. Қауіпсіздік туралы сөз еткенде Мәжіліс Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық қауіп-қатерлерге төтеп беруге бағытталған халықаралық бастамаларына баса назар аударды. - Қазақстан Еуроодақтың қауіпсіздік мәселесі бойынша Еуроодақ – Орталық Азия жоғары деңгейлі Сұхбат құру бастамасын қолдады және оның дамуына тиісті деңгейде ықпал етуге дайын. Мұндай тетіктер бүкіл әлемде, соның ішінде біздің аймақтарымызда тыныштықты сақтауға өзіндік үлес қосатыны сөзсіз,-деді Нұрлан Нығматулин. Спикердің атап өткеніндей, сондай-ақ, Еуропа Кеңесімен әріптестік қатынасты дамыту, еуропалық құқықтық кеңеске қосылу біздің еліміз үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Ал, әлеуметтік-экономикалық даму туралы сөз еткенде, Нұрлан Нығматулин Елбасы Жолдауының маңызды бағыттарын жүзеге асыру қазақстандықтар үшін де, сонымен бірге, шетелдік компаниялар үшін де оңтайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Өз кезегінде Рокас Бернотас Қазақстанның Литва үшін аймақтағы өте маңызды әріптес екенін атап өтті. Кездесу иелерінің пікірінше, қос мемлекет әріптестігінің маңызды бөлігі болып табылатын екі елдің парламентарлық ынтымақтастық мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Тараптар Қазақстан мен Литваның заң шығарушы органдары арасындағы байланысты кеңейту жолдарын талқылады, бұл ретте әртүрлі бағыттар бойынша тәжірибе алмасу маңызды болмақ. Әсіресе, ынтымақтастық жөніндегі топтар мен комитеттер байланысын нығайту қажет. Мәжілісте Литва Республикасының Сеймімен ынтымақтастық жөнінде топ жұмыс істейді. Құрамында 11 депутат бар. Ал ағымдағы жылы Сейма Спикерінің Мәжіліске ресми сапары жоспарланып отыр. Тараптар бұл екі ел парламенттері, сондай-ақ, жалпы Қазақстан мен Литва арасындағы қарым- қатынасты нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

30.01.2014

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үсенгелді Медеуов Страсбург қаласында (Француз Республикасы) Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының жыл сайын өтетін сессиясының бірінші бөлігінің жұмысына қатысуда.

Шараға қатысушылар адам құқы, теңсіздік пен кемсітпеушілікке қатысты демократия институттарының жұмыс жасауы мәселесін талқылауда. Одан басқа, сессия барысында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясына Төрағалыққа Люксембургтік депутат Анн Брассер сайланды.

30.01.2014

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссары Басқармасының аймақтық өкілі Сабер Азаммен кездесті.

Кездесу барысында тараптар халықаралық мәселелерге қатысты күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселені талқылады. Солардың қатарында Ауғанстандағы жағдайды қоса қарастырып, Халықаралық қауіпсіздікке әсері бар екендігіне тоқталды. Одан басқа Қазақстандағы босқындарға арналаған ереже бойынша сындарлы пікір алмасып, құжатсыз жүргендердің (олардың арасындағы азаматтығы жоқтар) мәселелерін шешу жолдарының мүмкіндігін ақылдасты.

27.01.2014

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко бастаған қазақстандық мәжілісмендер Мәскеуде өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Мемлекеттік Дума Федералдық Жиналысы арасындағы ынтымақтастық бойынша палатаралық комиссияның тоғызыншы отырысына қатысты.

Отырыс қазақстандық тараптан Мәжілістің вице-спикері, Комиссияның теңтөрағасы Сергей Дьяченко мен ресейлік тараптан РФ Мемлекеттік Дума Федералдық Жиналысының орынбасары, Комиссияның теңтөрайымы Людмила Швецованың төрағалығында өтті. Кездесу шеңберінде қазақстандық және ресейлік парламентшілер екі жақты ынтымақтастықтың өзара пайдасына қатысты мәселелерді кең ауқымда талқылап, сонымен бірге оларды заңнамалық жолмен қамтамасыз етуді қарастырды. Парламентшілер әсіресе, екі ел басшыларының өткен жылдың қараша айында Екатеринбургте Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының аймақтық мерекелік 10-шы Форумы шеңберінде қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен ынтымақтастық туралы Шарттарды жүзеге асырудың келешегіне айырықша көңіл аударды. Бірлескен талқылауға қазіргі замандағы қауіп пен қатер (наша тасымалы, лаңкестік, адам саудасы), агроөндірістік кешен саласын өркендету, білім, ғылым, жаңа технологиялар, инновациялық өндіріс, сауда, экономика мен өндіріс, экология және қоршаған ортаны қорғау, мәдени-гуманитарлық сала, сондай-ақ шекара маңайы және аймақаралық ынтымақтастық мәселелері тақырып болды. Тараптар Комиссияның келесі отырысының күн тәртібін талқылайтын жұмысшы тобын құруға келісті. Комиссияның оныншы – мерекелік отырысын келер жылдың басында Астанада өткізуді жоспарлап отыр.

21.01.2014

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвеймен кездесті.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқыға салған кездесу иелері Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған басым бағыттарды алға тарта келіп, Қазақстанның даму болашағын сөз етті. Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, алдағы уақытта Қазақстан парламентшілерінің алдында инновациялық индустрияландыруды одан әрі дамыту, агронеркәсіптік кешен, қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес, мемлекеттік институттар жұмыстарын одан әрі дамыту үшін заңнамалық тетікті жетілдіруге арналған аса ауқымды міндеттер тұр. - Депутаттық корпус Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы сияқты еліміз үшін маңызды стратегиялық құжаттың мықты заңнамалық негізін қалыптастыруды қамтамасыз етеді, - деді Нұрлан Нығматулин. Өз кезегінде Джон Ордвей Елбасы Жолдауының Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтетінін баса айта келіп, біздің еліміздің жоғары даму қарқынына тоқталды. Нұрлан Нығматулин мен Джон Ордвей сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің G20 Саммиті алаңындағы ядролық қаруды таратпау және аймақтық қауіпсіздік салаларындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылаған маңызды кездесулерін еске ала отырып, барлық салада қазақстандық-американдық қатынасты нығайту қажеттілігін тілге тиек етті. Қазақстанның сыртқы саяси қызметі, атап айтар болсақ, біздің еліміздің Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысу жайы да назардан тыс қалмады. Мәжіліс Спикері Қазақстан заңнамашыларының әсіресе, салалық комитеттер және Мәжіліс пен АҚШ Конгресінің ынтымақтастық жөніндегі топтары арқылы қос ел арасындағы парламенттік байланысты дамытуға айрықша назар аударатынын атап өтті. Нұрлан Нығматулин мен Джон Ордвей алдағы уақытта да өзара табысты іс-қимыл жолында Қазақстан мен АҚШ әлеуетінің зор екендігін атап өтті.

09.01.2014

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Корея елінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Пэк Чу Хёнды қабылдады.

Кездесу барысында тараптар қос елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хенің екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы айрықша үлестерін алға тарта отырып, Қазақстан мен Корея қарым-қатынасының стратегиялық маңызына назар аударды. Одан әрі парламентаралық өзара іс-қимыл тақырыбы сөз болып, Нұрлан Нығматулин оның мемлекет басшыларының келісімдерін тиімді жүзеге асыруға ықпал ететінін атап айтты. Өз кезегінде Пэк Чу Хён біздің еліміздің экономикалық қарқынын жоғары бағалады. Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы өткен жылдың 9 айы ішінде 1 млрд. АҚШ долларын құрады. Бүгінгі күні біздің елімізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Елшінің айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің жарқын үлгісі болып табылады. Бұл бүкіл әлемде өте жоғары бағаланады. Нұрлан Нығматулин Кореялық тараптың Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, сондай-ақ, ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі форум жұмыстарына белсене қатысуы екі ел үшін де зор маңызға ие екендігін сеніммен жеткізді. Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Оңтүстік Кореяның халықаралық көрме өткізудегі өзіндік тәжірибесі мен табысын еске ала отырып, аталған елдің компания өкілдерін ЭКСПО -2017 көрмесінің дайындық жұмыстарына қатысуға шақырды. Кездесу иелері екі ел қарым қатынасын, соның ішінде, парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

12.11.2013

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Швейцария конфедерациясы Парламенті Кантондар кеңесiнiң төрағасы Филиппо Ломбарди екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың өзекті жағдайларын талқылады.

Атап айтатын болсақ, халықаралық парламенттік ұйымдар аясында қос ел парламенттерінің өзара іс-қимылын нығайту, заңнамалық салада тәжірибе алмасу, сондай-ақ, ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы байланыстарды ынталандыру мәселелері сөз болды. Нұрлан Нығматулин Мәжіліс жұмысының басым бағыттарына тоқтала келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050 Стратегиясын» заңнамалық қамтамасыз ету жолында атқарылып жатқан істерге баса назар аударды. Қазақстан үшін аталған мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму саласындағы тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады. Филиппо Ломбарди өз кезегінде халықтар арасындағы өзара ынтымақтастықты және жалпы бейбітшілікті нығайтуға ықпал ететіндіктен екі елдің парламентаралық байланысының маңызы зор екендігін атап өтті. Тараптар барлық сала бойынша қазақстандық-швейцариялық өзара қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалай келіп, осы ықпалдастықты одан әрі нығайту екі мемлекет басшыларының да етене байланысына өзіндік әсер ететінін тілге тиек етті. Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, Швейцария соңғы 5 жыл көлемінде көшбасшылық деңгейден түспей, инновацияның әлемдік орталығына айналуда. - Бізде, әсіресе, Қазақстан экономикасын жаңғырту бағдарламасы аясында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың керемет мүмкіндігі бар,-деді Н. Нығматулин. Сондай-ақ, сауда-экономикалық әріптестік, Орталық-Азия аймағындағы қауіпсіздік, соның ішінде, Ауған мәселелері де кездесушілер назарынан тыс қалмады. Жүздесу соңында Мәжіліс Спикері 2014-жылы «Баршаның мүддесі жолында қауіпсіздік қауымдастығын құру» ұранымен өтетін Швейцарияның ЕҚЫҰ төрағалығы аталған аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.

24.10.2013

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Германия Федеративтік Республикасы Бундестаг сыртқы істер жөніндегі комитет мүшесі Юрген Климкемен кездесті.

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелерін талқылап, достық қарым-қатынасты және стратегиялық әріптестікті тереңдету жайын сөз етті. Сондай-ақ, халықаралық саясат, соның ішінде, Орталық-Азия аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ауғанстанды қалпына келтіруге ықпал ету сияқты өзекті тақырыптар жайында пікір алмасты. Кездесу иелері парламентаралық ынтымақтастық аясында етене байланысты одан әрі нығайтуға сенім білдірді. Жүздесуге сондай-ақ, Германия Федеративті Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов қатысты.

23.10.2013

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин біздің елімізге ресми сапармен келген Венгрия Мемлекеттік Жиналысының төрағасы Ласло Кёвермен кездесті.

Жүздесу барысында тараптар ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады. Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, Венгрия – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі. Қос мемлекет арасындағы сыртқы сауда айналымы 2012-жылы 258 млн АҚШ долларын құраған. Қазіргі уақытта елімізде 49 қазақстандық-венгриялық бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Халықаралық саясаттағы өзекті мәселелерге келетін болсақ, кездесу иелері Қазақстан мен Венгрияны аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы ұқсас ұстанымдар біріктіретіндігі туралы ортақ пікірлерін жеткізді. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ауқымды бастамаларының арқасында біздің мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы көкейкесті тақырыптар талқыланатын, беделді халықаралық сұхбат алаңы ретінде танылғандығын баса атап өтті. Өз кезегінде Ласло Кёвер, қазақстандық-венгерлік қарым-қатынас деңгейіне, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында біздің еліміздің жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді. Парламентаралық әріптестікке де баса мән беріліп, тараптар Қазақстан мен Венгрия парламенттері арасында үздіксіз даму жолына түскен сындарлы сұхбат орнағанын тілге тиек етті. Мәжілісте Венгриямен ынтымақтастық жөнінде 9 депутаттан тұратын топ жұмыс істейді, ал, Венгрия Парламентінде Қазақстанмен достық тобында 17 депутат бар. Мәжіліс Төрағасы парламентаралық байланыстар мен екіжақты қатынастарды әсіресе, біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғырту және саяси дамуының жаңа бағытының негізі болып табылатын «Қазақстан - 2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясында одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды. Нұрлан Нығматулин мен Ласло Кёвердің атап өткеніндей, салалық комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасында заң шығармашылық жұмыстар бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ, халықаралық парламенттік ұйымдар аясында өзара қолдау көрсетудің мәні зор. Мәжіліс Төрағасы мен Венгрия Мемлекеттік жиналысының Спикері Қазақстан мен Венгрияның келешекте де өзара іс-қимылды, соның ішінде парламентаралық деңгейде табысты дамыту болашағының зор екенін атап өтті.

16.10.2013

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қазақстан-қытай қатынастарына қатысты мәселелерді талқылады.

ҚХР Төрағасы өзінің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары жайында айта келе: - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен арамызда болған жан-жақты келісімдердің жағдайын қорыта келе көлемді мәселелердің келісіміне жеттік деп ойлаймын. Біздің ынтымақтастықтарымыздың арқасында, пікір аламасуларымыз тәжірибелік салада дамып, нәтижесін беруде. Ең бастысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев екеуміздің арамызда осы сапар аясында мықты бір достық орнады. Байқағандарыңыздай, қайта өңдеу мен ауылшаруашылығы секторында, көлік және коммуникация, экономиканың тағы да басқа салаларында келісімге келдік. Қазақстан-қытай компаниялары арасында жалпы құны 35 млрд. долларды құрайтын шарттарға қол қойылды. Әңгіме барысында Қазақстан мен Қытай парламентшілері арасындағы өзара байланыс мәселелері өз алдына бір тақырыпқа айналды. Си Цзиньпин парламентаралық ынтымақтастық – қазақстан-қытай жан-жақты стратегиялық серіктестік құрайтынын атап өтті. Оның мемлекетаралық қатынастардың өркендеуіндегі алар орыны айырықша. Мәжіліс Төрағасы Нурлан Нығматулин қазақстандық парламентшілер екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық-әлеуметтік және де басқа салаларда өзара байланысты нығайта түсу жолында өз үлестерін одан әрі қосуға әрдайым әзірліктерін жеткізді. - Қазақстан парламенті екі ел көшбасшылары арасындағы стратегиялық келісімдерде жеткен жетістіктерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге айрықша назар аударады,- деп атап өтті Мәжіліс Спикері.

15.10.2013

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты Комитетінің Төрағасы Чжан Дэцзян әріптестік туралы Меморандумға қол қойды.

Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы арасындағы сындарлы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатын тарихи құжатқа Пекинде қазақстандық парламент өкілдерінің қытайлық әріптестерімен кездесуі барысында қол қойылды. Нұрлан Нығматулин мен Чжан Дэцзян екі елдің заңнамалық органдары арасындағы әріптестіктің өзекті мәселелерін талқыға салды. Тараптар қазақстандық-қытайлық ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады. Осы жолда мемлекеттер Көшбасшыларының қол жеткізген келісімдері өзара түсіністік пен тату көршілік жағдайында қарқынды және сындарлы даму жолына түскен мемлекетаралық қарым-қатынастың жарқын үлгісіне айналғандығына баса назар аударылды. Нұрлан Нығматулин мен Чжан Дэзцян Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ұзақ мерзімді құжаттарында көрсетілген мақсаттарды заңнамалық қамтамасыз ету бағытында парламенттер алдында үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті. Қазақстандық және қытайлық парламентшілердің алдағы бірлескен әрекетке байланысты жоспарлары зор. Ол қол қойылған келісімге сәйкес, ауқымды мәселелер бойынша әріптестік жөніндегі топтар мен парламенттің салалық комитеттері арасында заң шығармашылық жұмыстар бойынша тәжірибе алмасу. Сонымен қатар, халықаралық парламенттік ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету. Өз кезегінде Нұрлан Нығматулин: - Парламент Мәжілісі мен Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы арасында қол қойылған Меморандум Қазақстан мен Қытай басшыларының стратегиялық келісімдерін заңдық қолдауды қамтамасыз етеді-,деді. Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты Комитетінің Төрағасы Чжан Дэцзян да екі мемлекет басшыларының келісімдерін табысты жүзеге асыру үшін парламентаралық қатынасты нығайтудың маңыздылығы зор екенін атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақстандық тарап тиімді сұхбат алаңы ретінде әріптестік жөніндегі парламентаралық комиссия құруды ұсынды. Бірлескен парламенттік комиссия жиыны келесі жылы Астанада өтеді деп жоспарланған.

14.10.2013

Қазақстанға ресми сапармен келген Малайзия Парламенті Сенатының президенті Тан Сри Абу Захар Дато Ника Ужанга Мәжілістің вице-спикері Сергей Дьяченконың қабылдауында болды.

Ауқымды мәселелерді қамтыған әңгіме барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н. А. Назарбаевтың 2012 жылғы сәуір айында Малайзияға жасаған мемлекеттік сапарының маңыздылығы ерекше аталып өтілді. Ал екі жақты қарым-қатынасты дамыту барысында парламентаралық, соның ішінде, депутаттық топтар аясындағы әріптестік мәселесі басты назарда болды. Кездесуге қазақстандық Парламент депутаттары С.Әйімбетов, А. Бижанов, В. Рогалев, С. Қанаев, Қ. Қаракен және Ю.Тимощенко қатысты.

08.10.2013

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лэ Юйчэнді қабылдады.

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен қазан айының 14-17-сі аралығында қазақстандық парламенттік делегациясының Қытай еліне сапары жоспарланған. Осы қарсаңда тараптар өзара іс-қимылдың маңызды мәселелерін талқыға салды. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дәйекті әрі үдемелі даму жолына түскендігі тілге тиек етілді. Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин ҚХР Төрағасының біздің елімізге сапары барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің арасында қол жеткізілген жоғары деңгейлі келісімдер екі жақты қарым-қатынастың стратегиялық көрсеткішінің тағы бір дәлелі екенін атап өтті. Ал Лэ Юйчэн өз кезегінде Қазақстанның жетістіктеріне қатысты ыстық ықыласын білдірді. - Астанаға келген алғашқы күннен бастап, мені Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығының арқасында жасалынып жатқан өзгерістер мен екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуы таңқалдырды,-деді. Қос елдің парламентаралық байланысы да назардан тыс қалмады. - парламентаралық өзара ынтымақтастықты дамыту жолында, заң шығармашылық жұмысында тәжірибе алмасу, яғни, маңызды бастамаларды заңнамалық қамтамасыз ету, салалық комитеттер арасында байланыстарды нығайту, парламентаралық ұйымдар аясындағы әріптестік басым бағыттар болып табылады,-деді Мәжіліс Төрағасы. Нұрлан Нығматулин мен Лэ Юйчэн парламент өкілдерінің байланысын алдағы уақытта да белсенді нығайтуға сенім білдіре келіп, мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық екі елдің игілігі жолында қарқынды дами береді деген ортақ пікірлерін жеткізді.

27.09.2013

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Люксембург Ұлы Герцогтігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пьера Феррингті қабылдады.

Кездесу барысында тараптар, қазақстандық-люксембургтік әріптестікке қатысты көптеген мәселелерді талқылады. Палата Төрағасының атап өткеніндей, Қазақстан Президенті мен Ұлы Герцогтігінің жетекшісі арасындағы қол жеткізілген келісімдер қос ел қарым-қатынасының тұрақты дамуына негіз болып отыр. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин, Люксембургтік жаңа технологиялар мен инновацияларды энергетика мен медицина салаларында тиімді пайдалану, екі ел ынтымақтастығының әлеуетін күшейте түсетінін баса айтты. Әсіресе Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі қарсаңында маңыздылығы арта түспек. Тараптар парламентаралық әріптестікті нығайту мүмкіндіктерін де назардан тыс қалдырмады. Мәжіліс Спикері депутаттық корпустың барлық күш-жігері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясында жүктелген міндеттерді заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталатынын атап өтті. Мәртебелі мейман өз кезегінде Қазақстанның соңғы уақыттардағы қарқынды дамуын тілге тиек ете отырып, Люксембург мемлекетінің барлық салада әріптестікті кеңейтуге ынталы екенін және парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтатынын жеткізді. Ал, халықаралық мәселелерге келгенде, кездесу иелері барлық мемлекеттердің халықаралық лаңкестік пен басқа да ғаламдық қатерлерге қарсы күш біріктіруі жөнінде әңгіме өрбітті. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Люксембургтің Ауғанстан қауіпсіздігіне байланысты халықаралық күш-жігерге қолдау көрсету аясында да өзара ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға сенім білдірді.

12.09.2013

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстандағы өкілеттігін аяқтағалы отырған Америка Құрама Штаттарының Төтенше және Өкілетті Елшісі Кеннет Фэйрфаксты қабылдады.

Мәжіліс Төрағасы дипломатқа Қазақстан мен Америка арасындағы екі жақты қарым-қатынасты нығайту жолындағы табысты жұмысы үшін өз алғысын білдірді. Тараптар қос елдің түрлі саладағы, әсіресе, аймақтық қауіпсіздік, Ауғанстанға қолдау көрсету, ядролық қарусыздану мәселелеріндегі ынтымақтастығын айрықша атап өтті. Нұрлан Нығматулин және Кеннет Фэйрфакс қазақстандық-американдық парламентаралық әріптестіктің даму деңгейін де жоғары бағалады. Әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасы депутаттық корпустың барлық күш-жігері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясында жүктелген міндеттерді орындауға бағытталғанын сөз етті. Кеннет Фэйрфакс діттеген мақсатқа жету Қазақстанның одан әрі көркеюін қамтамасыз ететінін тілге тиек ете келіп, қазақстандық депутаттардың жұмысына табыс тіледі. - Менің Қазақстандағы АҚШ елшісі ретіндегі жұмысым аяқталғанымен, мен сіздердің елдеріңізде болып жатқан өзгерістерді ықыласпен қадағалап отыратын боламын,-деді мәртебелі мейман. Өз кезегінде Нұрлан Нығматулин Кеннет Фэйрфакстің Халықаралық Энергетикалық Агенттіктегі қызметі өзара қарым-қатынастың, соның ішінде, «ЭКСПО-2017» халықарлық көрмесі аясында одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

03.06.2013

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Латвия Президенті Андрис Берзиньшпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөле отырып, қазақстандық-латвиялық өзара қарым-қатынас мәселелерін талқылады. Нұрлан Нығматулин мен Андрис Берзиньш барлық сала бойынша, соның ішінде, сауда-экономикалық, мәдени, білім, ауылшаруашылығы, сондай-ақ, парламентаралық өзара іс-қимыл бағыттарында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін білдірді. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біздің елімізде Қазақстанның Орта Азия аймағында инвестиция тарту бойынша көш бастауға мүмкіндік беретін қолайлы инвестициялық климат қалыптастқандығын атап өтті. Өз кезегінде Андрис Берзиньш біздің елдеріміз жеткен табыстарды тілге тиек ете келіп, Қазақстан мемлекеті мен Елбасының ғаламдық өзекті мәселелерді шешу, әсіресе, ауған жағдайына қатысты күш-жігерін жоғары бағалады. Нұрлан Нығматулин, парламентаралық бағыттағы әріптестік туралы сөз еткенде, қазіргі уақытта Мәжілісте және Сеймеде жұмыс істейтін, ынтымақтастық жөніндегі өкілетті топтардың жұмысына жеке тоқталды. - Парламенттік салалық комитеттер мен достық топтар арқылы ықпалдастықты одан әрі кеңейту керек және бұл өте маңызды,-деді Мәжіліс Спикері. Нұрлан Нығматулин, Андрис Берзиньштің Қазақстанға алғашқы сапары біздің елдеріміздің, соның ішінде, парламентаралық деңгейдегі ынтымақтастықтың жаңа белесіне бастайтынына сенім білдірді.

02.06.2013

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген, Еуропалық комиссия Төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен қазақстандық-еуропалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Тараптардың атап өткеніндей, қазіргі уақытта екі жақты қарым-қатынас жаңа белеске көтерілген. Нұрлан Нығматулин Еуроодақпен әріптестік байланысты дамыту, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы стратегиялық басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. Өз кезегінде Жозе Мануэль Баррозу Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында жеткен біздің мемлекетіміздің зор табыстарын сөз ете келіп, Қазақстанның Еуроодақ үшін екіжақты да, аймақтық та қарым-қатынас аясында, әсіресе, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мәселесінде ең маңызды ел екеніне баса назар аударды. Бүгінгі күні Еуроодақ - Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық әріптесі. Қазақстандық сыртқы сауда айналымының 49,7% Еуропалық Одақ үлесіне тиесілі. Қазақстан аталған одақтың энергиялық тәуелділік және энергиялық қауіпсіздік саласында стратегиялық әріптесі болып табылады. Сондықтан, Мәжіліс Төрағасы энергетикалық сұхбатты бірқатар бағыттар бойынша дамыту қажеттілігін айта келіп, Еуропалық Одақ елдерінің ЭКСПО-2017 «Болашақ энергиясы» дүниежүзілік көрмесінің дайындығына және өткізілуіне белсене араласатындығына сенім білдірді. Кездесу иелерінің тағы бір атап өткендігі, аталған елдер арасында ғылыми-зерттеу, технологиялық және инновациялық бағыттарды, сонымен бірге, білім, денсаулық, қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша ынтымақтастығын нығайтудың әлеуеті зор. Мәртебелі мейман Қазақстан - еліміздің таңқаларлық даму қарқыны мен екпініне негізделген, әріптестік туралы Келісім жасау жөнінде Еуроодақ келіссөз жүргізіп жатқан Орталық Азия аймағындағы алғашқы мемлекет екенін ерекше атап өтті. Бұл келісім – шын мәнінде, болашақ ұрпаққа арналған құжат – деді, Жозе Мануэль Баррозу. Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин мен Жозе Мануэль Баррозу, Қазақстан мен Еуропалық Одақты еуроатлантикалық және еуропалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы ұстанымдарының ұқсастығы біріктіретінін атап өтті. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан парламентарийлері Еуроодаққа мүше-мемлекеттер, сондай-ақ, Еуропалық Парламенттік әріптестерімен, соның ішінде, «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитеті аясында тиімді ықпалдастық орнатқан. - Бүгінгі күні Комитет екіжақты қарым-қатынас аясында жеткен жетістіктер мен ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелерді ашық және сенімді түрде талқылауға мүмкіндік беретін пікір-талас алаңына айналды,- деді Нұрлан Нығматулин. Ал, Жозе Мануэль Баррозу бүгінгі күні Мәжілісте қаралып жатқан заң жобалары, олардың маңыздылығы мен өзектілігі, Палатаның заң шығару жұмысының халықаралық стандарттар деңгейінде атқарылып жатқандығының толық дәлелі,- деді. Тараптар парламентаралық байланысты одан әрі дамыту Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықпен өзара түсіністікті нығайтумен қатар, теңқұқықтық әріптестік қағидасын сәйкестендіретіндігін тілге тиек етті.